Шерзат ісі: Ағасының өліміне қатысты тергеу тоқтатылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты тергеу тоқтатылды.

Бұл туралы Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе жәбірленуші тараптың қорғаушысы болған Мейірман Шекеев айтты.
— Нұрқанаттың ісі тоқтатылған. Алайда біз болашақта істі қайта жандандыру үшін өтінішхат түсіретін боламыз, — деп жазды ол.
Адвокат мәлімдемесіне байланысты агенттік Алматы облысының полиция департаментіне сауал жолдады.
Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат қайтыс болды.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Шерзат ісіне қатысты сотта Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Шерзат өліміне қатысты 9 адам 23 жылдан 1,5 жылға дейін сотталды.
Сотталған Думан Ысқақ жазасын өтеуіне байланысты бостандыққа шықты. Ал іс бойынша апелляциялық сот 18 тамыз күні сағат 11:00–де облыстық сот ғимаратында өтеді.