Шерзат ісі: апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облыстық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты апелляциялық сот өтті.

Биыл 5 маусым күні сот үкімімен 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 адам 23 жылдан 1,5 жылға дейін сотталды.
Атап айтқанда:
— Абзал Шынасыл 23 жылға;
— Равиль Сакиев 20 жылға;
— Азамат Тоқтаубаев 15 жылға;
— Нұрқияс Ілиясов 9 жылға;
— Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет — әрқайсысы 7 жылға;
— Думан Ысқақ 1 жыл 6 айға сотталды.
Думан Ысқақ шілде айында жазасын өтеуіне байланысты бостандыққа шыққан болатын.
Апелляциялық сот қалған 8 айыпталушының өтінішін қанағаттандырмай, алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот отырысына сотталғандар қатысқан жоқ.
Істің мән-жайы
Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмды.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды.
Биыл 17 маусым күні Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты тергеу тоқтатылды.
Сондай-ақ прокуратура Шерзат ісіндегі куәгер қыздарға қатысты тергеу неліктен қайтадан басталмағанын түсіндірді.
Одан бөлек Шерзат әкесінің үйі өртенуіне байланысты тергеу әзірге тоқтап тұрғаны хабарланды.