Шерзат соты: айыпталушының адвокаты істі прокурорға қайтаруды сұрады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сот отырысы барысында Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевтың адвокаты істі прокурорға қайтаруды сұрады.
- Менің қорғауымдағы Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевқа қатысты қылмыстық іс құжаттарында оларды күдікті деп тану туралы қаулы мүлдем жоқ. Бұл Қылмыстық-процестік кодекстің 64-бабына сәйкес, күдікті ретінде тану туралы қаулы шығарып, ол прокурормен келісуі қажет және Қылмыстық-процестік кодекстің 202-бабына сәйкес оны күдікті деп тану қаулы шығарылған сәттен бастап есептелінеді. Алайда бұл қылмыстық іс материалдарында күдікті ретінде тану туралы қаулы болмағандықтан, оның процессуалдық мәртебесі анықталмаған. Бұл күдіктіге қатысты қылмыстық қудалаудың заңды белгіленген тәртібі сақталмай басталғанын көрсетеді. Егер күдікті ретінде ресми танылмай тұрып, жауап алынған болса, бұл әрекеттер заңсыз деп есептеледі. Сондықтан іс қосымша тергеп-тексеру үшін және заңбұзушылықтарды жою үшін прокурорға қайтаруды сұраймын, - деді қорғаушы.
Бұл өтінішті сотталушылардың адвокаттары қолдаса, мемлекеттік айыптаушылар мен жәбірленушілердің қорғаушылары қанағаттандыруға қарсы болды.
Судья Ержан Жанұзақов екі тараптың пікірін тыңдаған соң, бұл өтінішті қанағаттандырмау туралы шешім шығарды.
- Тоқтаубаев Азамат және Тоқтаубаев Нұрбол, сонымен қатар Қалиахмет ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабына сәйкес, ұсталған адамдар болғандықтан, оларға қатысты заң бөлек қаулы шығаруды талап етпейді. Сондықтан бұл сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының іс-әрекеттері заңды деп танылады, - деді сот.
Еске салайық, судья блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады.
Өткен сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды.
Сот барысында сотталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді. Бірақ судья прокурорды ауыстырудан бас тартты.
Сонымен қатар сотта дүкен камерасына түскен оқиғаның толық бейнежазбасы көрсетілді.
Алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.