Шерзат соты: екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады
Фото: Видеодан алынғант кадр

Сот отырысында былтыр 3-інен 4-ші қазанға қараған түні оқиға орнында болған куәгер Дана Жақсыгелді сөз сөйледі. Ол оқиға қалай болғанын баяндады.

Оның айтуынша, Равиль Сәкиевтің шақыруымен куәгер Эльмира Нұрбековамен бірге мейрамханаға барған. Онда айыпталушылардың бірнешеуі болған.

— Үйге қайтамыз дегенде «апарып тастаймыз, бірақ жолда дүкенге кірейік» деді. Бізде де темекі бітіп қалған еді. Сөйтіп дүкен алдында бір топ адам тұрды. Кейін біз дүкенге темекі алуға кірдік. Бірақ бізге «сатпаймы» деді. Сосын біз шықтық, сол кезде ерегес басталып кетті. Мен көліктің артына кеттім. Сол кезде атыс басталды. Сұр киім киген сақалды жігіт бірінші аспанға, сосын екі рет бізге қарай оқ атты. Кейін төбелес көшенің арғы бетіне кетіп қалды. Мен көліктің ішінде отырып, 5 минуттан кейін шығып ұлдарға «қайтайық» деп айқайладым. Ол кезде ешкім естіген жоқ. Қайтып көлікке отырдым. Төбелес не үшін басталғанын білмедім, — деді Дана Жақсыгелді.

Прокурор куәгерден «102», «103»-ке неліктен хабарласпағанын сұрады.

— Ондай ойымда болған жоқ. Бір жағынан мылтықты өмірімде бірінші рет көрдім. Содан кейін қорқып, көлікте отырып қалдым. Өз өмірі үшін қорықтым, — деді ол.

Бұған дейін сотта куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.

Өткен аптада сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.

Сондай-ақ Қаржаубай Нұрымов Шерзаттың қашан жан тапсырғанын айтты.

Шерзаттың анасы Гүлбара Бейшембиева да қайғылы оқиға қалай болғанын еске алды.

Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады. 

Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік. 

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады. 

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды. 

Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған. 

Соңғы жаңалықтар