Шерзат соты: қанды оқиға кезінде сотталушы Равиль Сакиевтің қолында пышақ болды ма

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста сот материалдарын зерделеу жалғасты. 

Шерзат соты: қанды оқиға кезінде сотталушы Равиль Сакиевтің қолында пышақ болды ма
Фото: Видеодан алынған скрин

Сот тыңдалымы барысында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев пен айыпталушы Равиль Сакиевтің беттестіру бейнежазбасы көрсетілді.

Бейнетаспада марқұм Нұрқанат оқиға барысын былайша баяндаған.

— Біз Нұрбол Тоқтаубаевпен ақша мәселесі бойынша сөйлесіп тұрғанбыз. Осы кезде Mercedes көлігімен бірнеше адам келді. Равиль мені жеке шақырып алды. Жағдай шиеленісе бастағанда Махмет Ахметті Нұрқияс пен Абзал ұрып жібергенін байқадым. Сол сәтте Нұрқияс мені ұра бастады, бірақ ұрғаны маған тимеді. Равиль Сакиев те мені ұрды. Оқиға жанжалға ұласты. Осы кезде Шерзат маған келіп «болды, кетейікші» деді. Мен оған «қаша бер» дедім. Шерзат менен 10 метр жерге барып «Нұрқанат аға» деп айқайлап, құлады. Мен жанына келгенімде, оның пышақ жарақатын алғанын көрдім. Аузынан қан кетіп жатты. Мен «Тоқтаңдар, жедел жәрдем шақырайық» деп айқайладым, бірақ олар мән бермеді. Жағдай ушығып бара жатқанын сезіп, Шерзатты құшақтап жатқанымда, Шыңғыс келіп менің шекемнен тепті. Кейін Равиль Шерзаттың шекесінен тепті. Мен Равиль Сакиевтің пышақ ұстап жүгіріп келе жатқанын анық көрдім, — деді ол.

Айыпталушы Равиль Сакиев жәбірленушінің айтқанымен келіспейтінін айтты.

Сотталушының қорғаушысы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу барысында берген жауаптарында қарама-қайшылықтар бар екенін айтты.

— Бұған дейінгі оқиға орнын тексеру және жауаптарды нақтылау барысында марқұм Ғайыпбаев сотталушы Сакиевтің қолында пышақ болмағанын, тек сынған бөтелке болғанын айтқан. Сондай-ақ, жамбас тұсынан пышақпен жарақаттаған күдікті ретінде Абзал Шынасылды атаған еді, — деді адвокат.

Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекеттк айыптаушы сотталушылардың әрқайсысына Қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша айып тағылғанын айтқан еді.

— Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі 1,4,7, 9,14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу);

— Равиль Сәкиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 7,9-тармақтары (адам өлтіру);

— Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық).

— Кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылып отыр.

Айта кетелік, Қаржаубай Нұрымовтың қолында қандай пышақ болғаны жайлы жазғанбыз.

Осыған дейін Абзал Шынасыл сотталушылардың бірі Шерзатқа пышақ салғаны жайлы айтқан.

Шерзат ісіндегі басты айыпталушы осыған дейінгі сөзінен бас тартқаны жайлы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар