Шерзаттың өлімі: Қамауға алынған күдіктінің туыстары мәлімдеме жасады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты күдікті деп танылғандардың туыстары видеоүндеу жолдады.
Қамауға алынғандардың туыстары халықтан кешірім сұрады. Сонымен бірге олар марқұмның әкесі мен ағасы да жауапқа тартылуы керек екенін алға тартты.
Олардың айтуынша, қаруды алғашқы болып Шерзаттың ағасы Нұрқанат алып шыққан. Сондай-ақ олар Шерзаттың сол жердегі жігіттердің бірінің жағын сындырғанын айтады.
«Қаруды бірінші Нұрқанат көлігінен алып шыққан. Балаларға қарай оқ атқан. Балалар тыныш тұрған жерінен Шерзат марқұм бір баланың жағын сындырды. Ойламаған жерден ұрып жіберген. Өздері мылтық пен пышақ алып шыққан. Содан жігіттер көтеріліп кеткен. Кешірім сұраймыз балаларымыз үшін. Біздікі дұрыс емес. Бірақ балаларды арандатпаса барлығы тыныш шешіліп, барлығы үйіне кететін еді. Олар Шерзатты өлтіреміз деп барған жоқ», – дейді видеоүндеу жолдаған әйел.
Видеоүндеу жасағандар Шерзаттың әкесін халықты дүрліктіріп, жалған ақпарат таратты деп айыптап отыр.
«Қаржаубай басынан бастап өтірік айтты. Қаржаубай пышақ алып келді ме, жігітше мойындасын. Қаржаубайды да қамасын. Қаржаубайдың әйелі ме, қарындасы ма Нұрқанат атқан оқтарды жерден теріп алған. Ол да жауапкершілікке тартылсын. Ашық сот болса бәріне бірдей болсын. Біз соны талап етіміз», – дейді күдіктілердің туыстары.
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Кейін Ішкі істер министрлігінің өкілдері БАҚ қызметкерлеріне Шерзат Болат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсетті.
Прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтындарын жеткізді.