Шешесі баласына жұмыс сұрап келеді - Сапарбаев
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бүгін зиялы қауым өкілдерімен, қоғамдық ұйым басшыларымен, жергілікті белсенділермен кездесті. Жастар арасындағы тәрбие мен қылмыс, қоғамдағы мәселелер туралы әңгіме қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысында жыл басынан бері 10 мыңға жуық қылмыстық іс тіркелсе, оның әрбір үшіншісі жастардың қолымен жасалған. Ал неке құрған жастардың әрбір үшіншісі ажырасып жатыр. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев зиялы қауыммен кездесіп, үлкендердің тәрбиеге араласуын сұрады. Әрі жастар арасында масылдық басым.
«Жастардың арасында жатып алып, ақша тапқысы келетіндері көбейді. Бәрі жеңіл жолмен жүргісі келеді. 50-60 мың теңгеге жұмысқа бармайды, кейін жұмысым жоқ деп отырады. Зорға жүрген шешесі келіп, «баламның жұмысы жоқ» деп айтады. Жалқау, жатыпішер болсақ қалай дамимыз? Ең негізгісі жастарды еңбекке үйретуіміз керек. «Адамды адам еткен еңбек» деген сөз бар. Жастардың арасында құр айқай көбейіп бара жатыр. ХХІ ғасырда рушылдыққа бөлінбеуіміз керек. Бәріміз қазақпыз»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбе облысы бойынша «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында 10 мыңға жуық іс-шара болып, 16 мыңнан астам адамға нақты көмек көрсетілді. Дегенмен өңір тұрғындары әлі де немқұрайлы, аула ішіндегі жұмысты жергілікті билікке артып қояды.
«Қала тұрғындары тек сынап, сұрайды. Өздері қоғамдық жұмысқа қатысып, өз үлесін қосуды білмейді. Көгалдандыру мәселесі өзекті. Есік алдына ағаш, гүл егуге болады. Ауылда күлді тазалауға ешкім шықпайды. Қалада да сондай. Бұрын көпқабатты үйдің тұрғындары бірігіп, өздері тазалап, ағаш егетін. Бір аулаға барсам, «қоқысты неге тазаламайсыңдар, құмды шығармайсыңдар» деп айтты. Ол кімнің ауласында жатыр? Бір ауланың адамдары бірігіп, іс қылу керек. Қоғамда жауапкершілік кетіп бара жатыр. «Сен тимесең, мен тиме» деген дұрыс емес. Адамдар тек қара басын, кейде туыстарын ғана ойлайды. Ауылды, туған қаласын кім ойлайды? Біз әрі қарай қалай дамимыз?»,- деді Бердібек Сапарбаев.