Шет мемлекеттерде дауыс беру қалай өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі бірқатар шет мемлекетте президенттік сайлау науқанының өтуі барысы жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәлім болғандай, Германия мен Нидерландтағы жарыстарға қатысып жатқан қазақстандық паралимпиадашылар үшін көшпелі дауыс беру ұйымдастырылды.

«Бүгін Қазақстанның Германиядағы елшілігі жанындағы №247 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері жүзуден мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «IDM Berlin 2019» жарысына қатысқан еліміздің құрама командасы үшін көшпелі дауыс беруді ұйымдастырды», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратында.
null

Сондай-ақ Нидерландтағы №282 сайлау учаскесі өз жұмысын жалғастыруда. Аталмыш сайлау учаскесінің бюллетеньдер жәшігі Хертогенбос қаласында садақ атудан өнер көрсетіп жатқан қазақстандық паралимпиадашыларға жеткізілді.

ҚР СІМ-нің дерегіне сүйенсек, сағат 12:25-тегі жағдай бойынша, Вашингтондағы №249 сайлау учаскесінде 57 адам дауыс берді. Жергілікті уақыт бойынша сағат 15.30-ға дейін Қазақстанның Аустриядағы елшілігінде ашылған №240 сайлау учаскесінде 228 адам өз таңдауын жасады.

«Израильдегі №253 сайлау учаскесі өз жұмысын аяқтаса, Канаданың Оттава, Торонто және Монреаль қалаларында ҚР азаматтары дауыс беруді жалғастыруда», - деді министрліктен.

null

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2019 жылдың 9 маусымында өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына орай әлемнің 51 елінде 65 сайлау учаскесі ашылды.

Ең ірі сайлау учаскесі Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі жанынан ашылып отыр. Аталмыш сайлау учаскесі 1 600-ден астам сайлаушыны қабылдайды. Қытайда Бейжің қаласынан бөлек Шанхай, Гонконг және Үрімші қалаларында сайлау учаскелері жұмыс істейді.

Ресейде де 1 600-ден астам сайлаушы Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Астрахан қалаларындағы сайлау учаскелерінде дауыс бере алады.

Түркияның Анкара, Ыстанбұл және Анталия қалаларында шамамен 1300 адамға арналған сайлау учаскелері жұмыс істейді.

ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, президенттік сайлауда шетелде жүрген 13 мыңнан астам қазақстандық дауыс береді. Олардың арасында алғашқы болып Жапония мен Кореядағы отандастарымыз Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен таңғы сағат 4-тен бастап өз таңдауларын жасады.

null

Соңғы жаңалықтар