Шетелде алған білімімді елдің дамуына жұмсаймын - тәуелсіздік құрдасы

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Мектепте үздіктер қатарында болып, «Алтын белгі» иегері атанған Мерген Жеткербай – тәуелсіз елдің құрдасы. Қазір ол мұнай-газ саласында өз ісін бастап, жаңа белесті бағындыруға күш салып жүр.

Шетелде алған білімімді елдің дамуына жұмсаймын - тәуелсіздік құрдасы

Алдағы уақытта өзге елде жинаған мол тәжірибе мен білімін ел дамуына сарп етпек ойда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіз Қазақстан 30 жылда әр саланы дамытып, жетістіктер қазір сараланып жатыр. Дәл сол секілді 1991 жылы дүниеге келген қазақстандықтар қалыптасты, өзін ғана ойламай, ел дамуына үлес қосуға бекінді. Сондай жастың бірі – Мерген Жеткербай. Ол 2009 жылы М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатты «Алтын белгімен» аяқтап, Пекин қаласындағы Қытай мұнай университетінде білім алды. Білім мен қоғамдық жұмысты ұштастырған ол Қазақстан Республикасының Елшілігі жанындағы «KSAC Пекин» студенттер ұйымының өкілі, ISA Қытай мұнай университетіндегі халықаралық студенттік кеңес төрағасының орынбасары болды. Түрлі форумдар мен халықаралық көрмелер сүйікті орнына айналып, мол тәжірибе жинады. Көргені көп Мерген Жеткербай Үкімет делегациясының Қытайға іссапары кезінде отандастарымен ере жүріп, көмектесті.

«Өзге елдің тілін, салт-дәстүрін білу маңызды. Тілін жетік меңгерсең ғана өзіңді еркін сезініп, қажетті білім ала аласың. Дос табу да қиын болмайды. Осы жолмен мен алдымен қытай тілін үйрендім. Қиын болғанымен бір жылдық еңбегім еш кетпей, үздіктер қатарынан табылдым. Сөйтіп 4 жыл бойы «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша оқып, бакалавр дәрежесін алып шықтым. Тек қытай тілі емес, ағылшын тілін де үйрендім. Мұның қиындығын тіл үйренген, шетелде жүрген жастар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Сөйтіп 2011 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында «Work and Travel USA» бағдарламасы арқылы барып, 2013 және 2014 жылдары қысқы демалыста Малазияның Куала-Лумпур қаласында ағылшын тілін үйрететін курстардан өттім. Қазір қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде еркін сөйлей аламын», - дейді жас кәсіпкер Мерген Жеткербай.

Білімді жас маман жоғары оқу орнын аяқтаған соң бір жылдан астам уақыт бойы Қытайдағы ең ірі мұнай жабдықтарын өндіретін компанияда жұмыс істеді. Елге оралған соң қаржыгер мамандығы бойынша екінші жоғары оқу орнын бітірді.

«Бұған дейін мұнай-газ саласындағы компаниядан жұмыс істедім. Ал қазіргі кезде мұнай-газ жабдықтарын шығаратын компания иесімін. Мен мақсатты түрде осы саланың дамуы жолында еңбек етіп, шетелде алған білімімді Қазақстанның дамуы жолында жұмсағым келеді. Үнемі тренингтерге қатысып, форумдарға барамын. Ондағы жаңа технологияны, әдісті елдің дамуына қарай өзгертіп, жаңа кейіпте енгізуді жөн көремін. Ешкімді қайталаудың, көшірмесін әкелудің қажеті жоқ. Біздің даму жолымыз өзге, демек өзімізге қажеттіні өзіміз де жасай аламыз. Тек бағыт-бағдарды дұрыс қою керек», - дейді ол.

Мерген Жеткербайдың досы көп. Әсіресе Ақтөбеде білім алып жүрген шағында бірге жүрген жолдастарын құрмет тұтады. Мектеп интернаттағы достық бәрінен ыстық, қымбат.

«Достарымның көбі әр түрлі салада еңбек етеді. Шетелде тұратындар да бар. Интернатта оқыған соң достығымыз ажыраған емес. Жұмыс бабында танысып жатқан достарымыз бар. Басшы болған соң командамда өзіммен бірге дамитын адамдардың болғанын жақсы көремін. Тренингтерге қатысып отырамын. Ондағы жинған тәжірибені замандастарыммен бөлісемін. Сөйтіп біз бір-бірімізді қолдап, биіктердің бағындыра береміз. Біздің жұмысымыз өрлесе, ел дамиды, өркендейді», - деді Мерген Жеткербай.