Шетелдік еңбек мигранттары қай заңды жиі бұзады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізге жыл сайын жұмыс істеу, оқу немесе табыс табу мақсатымен шетел азаматтары келеді. Осы орайда шетелдік еңбек мигранттары еліміздің көші-қон заңын бұзған жағдайда оларды қандай жаза күтеді? Бұл туралы толығырақ Астана қаласы полиция департаменті өткізген баспасөз мәслихаты барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен көші-қон туралы заң талаптарын бұзу жағдайына келсек, елорда полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Ербол Махметовтың мәлімдеуінше, елімізде қос азаматтықпен жүрген азаматтарға жауапкершілік қарастырылған.

«Соңғы 6 айдың ішінде 496-бап бойынша 200-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар басқа елдің азаматтығын алғаны туралы уақтылы хабарламаған. Қазақстанда қос азаматтық қабылданбайды. Сондықтан біз оларды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз», - дейді спикер.

Оның айтуынша, жалпы көші-қон қызметі өз азаматтарымыз бен шетелдік еңбек мигранттарына 15 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынады.

Мемлекеттік қызметтерді көрсетуде автоматтандыруға және электронды нұсқаға баса назар аударылады. Биыл 7 айда елорданың көші-қон қызметінің бөлімшелері 344 094 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде көші-қон қызметінің бөлімшелерімен тікелей байланыс кезінде –11 129, мемлекеттік корпорация арқылы –197 291, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы –106 873.

Көші-қон басқармасының дерегінше, жыл басынан бері Астанада 20 мыңға жуық шетел азаматы тіркелген. Одан бөлек, Тәжікстанның 3 мыңнан астам азаматы уақытша тұруға рұқсат алды.

«Егер олар уақытша тұруға рұқсат алса, белгіленген мерзім ішінде жұмыс істеуге құқылы. Жыл басынан бері 500-ден астам адам елден шығарылды. Олардың дені құрылыс алаңдарында жұмыс істейді», - деді брифингте Ербол Махметов.

Белгілі болғандай, елордаға келетін шетелдік еңбек мигранттары көбіне құрылыс саласында және такси қызметінде жұмыс істейді екен.

«Шетел азаматтары Қазақстанда көші-қон заңына сай жүрсе және жергілікті атқарушы органдарынан рұқсаты болса кез келген салада еңбек ете алады. Ең бастысы заң аясында болу керек. Заңбұзушылық анықталған жағдайда мәселемен біз айналысамыз», - деді Ербол Махметов полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің мәліметінше, жыл сайын көші-қон заңын бұзған 900-ден астам шетелдік елден шығарылады.

Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, шетелдік еңбек мигранттары негізінен құрылыс саласы, такси секілді қоғамдық жұмыстарға барады.

«Мысалы, такси жүргізушісі шетел азаматы болды делік, егер күдік болған жағдайда 102-ге хабарлап айтуға болады. Тәртіп сақшылары, ол азаматты көші-қон бөліміне жеткізіп, жұмыс істеуге рұқсатын тексереді. Олар өзімен бірге еңбек етуге рұқсат құжатын алып жүруі тиіс. Кері жағдайда заң аясында жауапкершілікке тартылады», - дейді ол.

Қалалық көші-қон қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2020 жылдан бастап шетелдіктерді полиция бөлімінде тіркеу алынып тасталды.

«Дегенмен біз олардың елімізде болуы бойынша көші-қон бақылауын жоғалтқан жоқпыз. Оның негізгі элементі – шетелдіктерді қабылдайтын адамдардың ішкі істер органдарына хабарлау механизмі. Аталған механизм визалық көші-қон порталы арқылы автоматтандырылған және енгізілген. Шетелдікке келу, тұру және уақытша тұруға рұқсатты тіркеу туралы хабарлауға барлық жауапкершілік қабылдаушы жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі», - деді полиция департаментінің өкілі.

Спикердің мәлімдеуінше, шетелдікті қабылдаушы тарап (қонақүйлер, жалға берілетін пәтерлер, білім беру мекемелері, медициналық мекемелер, жеке тұлғалар және т.б.) үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметіне шетел азаматының келгені туралы хабарлауға міндетті. Көші-қон қызметіне Электронды цифрлық қолтаңба көмегімен визалық портал арқылы хабарлауға болады.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл механизм бұзылған жағдайда, қабылдаушы тарап Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 518-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деп толықтырды Ербол Махметов.

Биыл жеті айдың ішінде қалалық көші-қон қызметінде 145 965 төлқұжат (паспорт) және жеке куәлік рәсімделіп, отандастарымызға табысталды.

Еске салайық, Қазақстанда болу мерзімін бұзған шетел азаматтарына алдымен ескерту жасалады. Ескертуға құлақ аспаса, айыппұл салынады. Заң бұзушылықтың арты елден шығаруға дейін жетуі мүмкін.

Елімізге жұмыс бабымен немесе оқу үшін 30 тәуліктен астам мерзімге келген шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат ресімделеді.

«Елімізге келген шетел азаматтары мен оларды қабылдаған жақтан Қазақстанда болу заңнамасының бұзылуына жол бермеуін сұраймыз», - деді Ербол Махметов полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, елімізде болу қағидалары бұзылған жағдайда шетелдіктер әкімшілік- қылмыстық кодекстің 517-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни Қазақстанда болу мерзімін бұзу.

Айыппұлдың мөлшері болу мерзімінің бұзылуына байланысты тағайындалады. Мысалы, 3 тәулікке дейін – ескерту, 5 тәулікке дейін – 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), 10 тәулікке дейін 15 АЕК.

Егер шетел азаматы елімізде болу мерзімін 10 тәуліктен артық бұзса, онда әкімшілік хаттама сотқа жіберіледі. Соттың шешімімен айыптыға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе елден шығарылады.

Ербол Махметов баяндағандай, көші-қон қызметі бағыттарының бірі Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануға өтініш білдірген шетелдіктер материалын қарау.

Өткен кезеңде 1110 адамнан өтініш қабылданды, Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа осы жылдың соңында қол қояды деп күтілуде.

Заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес, жыл басынан бастап Қазақстанда тұрақты тұруға және азаматтық алуға өтінішті бір уақытта беруге болады. Бұл ретте олар үшін бөлек тұрақты тұруға рұқсат алу кезеңі алынып тасталады.

«Оңтайландырылған тіркеу рәсімі арқылы 910 жуық қандас азаматтық алды. Құқықтық мәртебесі анықталмаған адамдарды анықтау бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 45 адам Қазақстан Республикасының азаматы деп танылып, құжат алған», - дейді басқарма басшысы.

Статистикаға сүйенсек, елордада жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзу бойынша 8706 факті анықталған.

«505 шетел азаматы елден тысқары жерлерге шығарылды. Заңды бұза отырып шетелдік жұмыс күшін тартқан 94 жұмыс беруші тартылды. Шетелдік азаматтарды уақытында тіркеу шараларын қабылдамағаны үшін 817 Қазақстан Республикасының азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп толықтырды көші-қон басқармасының басшысы.


Соңғы жаңалықтар