Шетелдік студенттер санын 100 мыңға дейін арттырамыз – Саясат Нұрбек
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл мақсатқа шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын дамыту арқылы қол жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Jibek Joly радиосына берген сұхбатында айтты.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы университеттер филиалдарында 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр, енді бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, шетелдік студенттер санының артуы жетекші шетелдік ЖОО бөлімшелерін ашумен, сондай-ақ қазақстандық білімнің тартымдылығын арттырумен тікелей байланысты.
— Бұл бастама Қазақстан Президентінің тікелей тапсырмасымен басталды. Біздің алдымызға үлкен міндет қойылды: кемінде бес жетекші шетелдік университетті зерттеп, олардың филиалдарын Қазақстанда ашу. Алайда біз тек 5 ЖОО-мен шектелмей, әр өңірде мемлекеттік университеттер базасында филиалдар ашуды мақсат еттік, — деді Саясат Нұрбек.
Сонымен бірге, сала министрі отандық университеттерді трансформациялау міндеті қатар шешіліп жатқанын атап өтті.
— Екінші мақсат — жергілікті университеттерді халықаралық стандарттарға сай жаңғырту. Филиал ашардан бұрын 5-10 жыл бойы зерттеу және бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, Heriot-Watt University Жұбанов университетімен төрт жылдан бері ынтымақтасып келеді, ал бес жылдан кейін ол толығымен өзгереді, — деді министр.
Оған қоса, дарынды жастарды өз елімізде алып қалу да маңызды бағыт болып қала береді.
— Қазіргі таңда үздік оқушылар жиі шетелге кетеді: Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері әлемнің 17 жетекші университетінен шақырту алады, ал «Нұрорда» оқушыларына 36 ұсыныс түседі. Бұл әрине мақтанарлық жағдай және Қазақстанның адами капиталының жоғары деңгейінің көрсеткіші. Бірақ оны жоғалтып алу қаупі бар. Сондықтан біз таланттарды елде қалдыруға тырысамыз, — деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Мысал ретінде спикер Астанадағы Кардифф университетінің филиалын атап өтті. Онда қазірдің өзінде 317 студент білім алып жатыр, олардың орташа IELTS балы 7,5-тен асады. Бұл адами капиталды ел ішінде сақтауға мүмкіндік береді.
Гранттар туралы сұраққа жауап ретінде Саясат Нұрбек олардың саны өзгеріссіз қалатынын айтты.
— Соңғы бес жылда біз гранттар санын екі есеге арттырдық. Өткен жылы 90 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл деңгей тұрақты сақталады, — деді ол.
2026 жылы бакалавриатқа шамамен 72 мың грант бөлінеді, әсіресе инженерлік-техникалық бағыттарға, педагогикаға және IT саласына басымдық беріледі. Министрдің айтуынша, бұған себеп — педагог кадрларға әлі де сұраныстың жоғары болуы, ал IT мен жасанды интеллект — болашақтың стратегиялық технологиялары.
Бұған дейін С. Нұрбек жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі енгізілетінін айтқан еді.