Шетелдіктер Димаштың әні арқылы қазақ тілін үйреніп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Енді шетел азаматтары Димаш Құдайбергеннің әні арқылы қазақ тілін үйрене алады. Бұл туралы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институтының жетекшісі Айнұр Төлеу айтты.

Шетелдіктер Димаштың әні арқылы қазақ тілін үйреніп жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

– Димаштың тыңдармандары арнайы платформа жасау керектігін ұсынды. Себебі, олар сүйікті әншісінің не туралы айтып жатқанын түсінгісі келеді екен. Біз осы ұсынысты мамандармен ақылдасып, караоке стилінде жасап шықтық. Әнші фанаттарының басым бөлігі батыстан болғандықтан, әннің сөздерін латын қарпінде жаздық, - деді ол «Jibek Joly» арнасындағы «БүгінLive» бағдарламасында.

Осы қосымша арқылы қазақ тілін үйренген азаматтар қазірдің өзінде әлеуметтік желідегі парақшаға пікірлерін жазып отырады екен.

– Шетелдік азаматтар Димаш арқылы тек қазақтың тілін ғана емес, әдебиеті мен мәдениетін де меңгеріп жатыр. Тіпті біздің ұлттық тамақтарымыздан дәм татқылары келетіні туралы жазады. Сондықтан, қосымшаны одан әрі салт-дәстүрлерді қосып жетілдіреміз, - дейді Айнұр Төлеу.

Айта кетейік, Абай институтының порталы мен арнайы мобильді қосымшасы арқылы кез келген шетелдік қазақ тілін меңгере алады. Бұл портал тек сабақ беріп қана қоймайды. Мұнда шетелдегі қазақ диаспорасы үшін дайындалған бейнесабақтар, қазақ және ағылшын тіліндегі тапсырмалар, тіпті Абай институтының бүкіл әлемдегі өкілдіктерінің байланыс деректері бар.

— Жоба 2020 жылы іске қосылған. Әлемнің кез келген нүктесінде кез келген адам соңғы әдістемелік тәсілдермен қазақ тілін өз бетінше үйрене алады, - дейді жоба құрастырушылары.

Айта кетейік, бұған дейін Димаштың халықаралық жобасы Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыратынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар