Шетелдіктер Қазақстанға қандай мақсатпен жиі келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға келетін шетелдіктердің саны жылдан жылға өсіп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов мәлім етті.

— Биыл бірінші жартыжылдықта елге 7,5 млн шетел азаматы (елден шыққандар — 7,2 млн.) келді. Өткен жылмен салыстырсақ, 600 мың адамға өсіп отыр. Олардың 90 пайызы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің азаматтары. Бүгінде Қазақстанда 212 мың шетел азаматы тұрақты тұрып жатыр. Оның 42 мыңы Алматы қаласында, 32 мыңы Алматы облысында, 17 мыңы — Астана мен Қарағанды облысында. Олардың саны 3 жылда 42% өсті, — деді Бауыржан Әленов Үкімет отырысында.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше:
— Қазақстанда 430 мың шетел азаматы уақытша тұрып жатыр;
— 360 мың шетел азаматы елімізге жұмыс бабымен келген;
— 17 мың шетел азаматы елімізге отбасы жағдайымен келген;
— 8 мың шетел азаматы елімізге білім алу үшін келген.
— 44 мың шетел азаматы елімізге түрлі мақсатпен (жеке шаруа, туризм және т.б.) келген.
Айта кетейік, биыл 1 млн-ға жуық шетел азаматы Қазақстанға келуге өтініш берген.
Сондай-ақ Премьер-министр көші-қон саясатын жетілдіруге қатысты министрлерге бірнеше міндет жүктеді.