Шығыны көп Түркістан әуежайы сенімгерлік басқаруға қашан беріледі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістандағы халықаралық әуежайды сенімгерлік басқаруға беру мәселесі бойынша келіссөздер жалғасып жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қазіргі таңда әлеуетті инвестормен диалог жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Шығыны көп Түркістан әуежайы сенімгерлік басқаруға қашан беріледі
Фото: Kazinform

Халықаралық әуежайды сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі аясында ықтимал инвестор ретінде жүк әуе тасымалдары саласында жұмыс істейтін қазақстандық оператор – Alpha Sky компаниясы қарастырылып отыр. Сонымен қатар ұсынылып отырған формат әуежайды сатып алу құқығын көздемейтіні атап өтілді.

– Түркістан облысының әкімдігі әуежайға меншік құқығын сақтап қалады және инвестормен бірлесіп инфрақұрылымды дамыту, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отыр, - деп хабарлады облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, келіссөздер толық аяқталғаннан кейін келісім шарттарына қатысты қосымша ақпарат ұсынылады. Қазіргі таңда тараптар ынтымақтастықтың негізгі параметрлерін талқылауды жалғастырып жатыр.

Шығыны көп Түркістан әуежайы сенімгерлік басқаруға қашан беріледі
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Түркістан халықаралық әуежайын 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған болатын. Жобаның басты мақсаты ретінде жолаушылар ағынын арттыру, жүк тасымалын дамыту және өңірдің туристік тартымдылығын күшейту көзделген.

Болашақ басқарушыға жаңа әуе бағыттарын ашу, тасымал көлемін ұлғайту және әуежайды үш жыл ішінде өзін-өзі ақтайтын деңгейге шығару сияқты нақты міндеттер қарастырылған.

Әуежайды басқаруға бұған дейін отандық және шетелдік бірқатар компания қызығушылық танытқан. Олардың қатарында Qazaq Air, Fly Arystan, Alpha Sky, Turkish Cargo, MNG, ASL Airlines және Sovico Group бар. 

Бастапқыда вьетнамдық Sovico Group компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанымен, тараптар келісім шарттарын келісе алмағандықтан, инвестор жобадан бас тартқан.

Шығыны көп Түркістан әуежайы сенімгерлік басқаруға қашан беріледі
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Еске салайық, Түркістан халықаралық әуежайы 2020 жылы пайдалануға берілген және облыс әкімдігінің коммуналдық меншігінде екенін айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта әуежай шығынды нысан болып отыр, яғни қолданыстағы жолаушылар ағыны мен жүк айналымы ағымдағы шығындарды толық өтей алмайды.

Әуежай қазіргі таңда төрт халықаралық және жеті ішкі бағыт бойынша тұрақты рейстерге қызмет көрсетеді. Ұшуларды Turkish Airlines, SCAT, Fly Arystan, Qazaq Air, Wizz Air Abu Dhabi және Jazeera Airways әуе компаниялары жүзеге асырады.

Сонымен қатар биыл қаңтар айынан бастап Орал – Түркістан бағыты бойынша әуе рейстері қайта жандандырылды.

Соңғы жаңалықтар