Шығыс Қазақстан облысында ата-аналар балаға қандай есімдерді жиі таңдайды?
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері ата-аналардың жаңа туған нәрестелерге қойған есімдері белгілі болды.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының мәліметінше, қыздардың есімдері бойынша алғашқы бестікке Ай-Сафи, Мәриям, Томирис, Кира, Сафия кірді. Ер балалардың ішінде Бейбарыс, Әлинұр, Хақназар, Дәуіт, Максим есімдері ең танымал болды.
Жыл басынан бері облыста 7 мыңға жуық туу туралы куәлік берілген. Оның үш мыңнан астамын ата-аналар халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ алған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұндай өтініштер саны айтарлықтай өсті, мұны сарапшылар цифрлық мемлекеттік қызметтерге деген сенімнің артуымен байланыстырады.
— Бала туғаннан кейін анаға 1414 нөмірінен SMS хабарлама келеді. Хабарламада тек бірнеше сұрақтарға жауап беру және баланың таңдаған есімін көрсету қажет. Бұл формат туу туралы куәлікті алу процесін айтарлықтай жеңілдетеді және азаматтардың уақытын үнемдейді, — деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Азамат Есембұлов.
Еске салайық, жыл басында Халыққа қызмет көрсету орталықтары паспорт пен жеке куәлікті терминал арқылы бере бастайтыны туралы жаздық. Құжаттарды беруге арналған пилоттық жоба жыл соңына дейін жалғаспақ.