16:17, 17 Наурыз 2024 | GMT +5
Шығыс Қазақстан облысында тау-кен байыту кешені аумағында өрт шықты
АЛТАЙ. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласының тау-кен байыту кешені аумағындағы цехта болған өрт сөндірілді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға болған жерде концентраттарды қоюландыру және сүзу учаскесінде орналасқан екі қабатты жеке цехтың шатыры өртенген.
Тау-кен байыту кешені аумағына дереу өрт сөндіру қызметкерлері жетті. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамның 35 адамы мен 7 бірлік авариялық-құтқару техникасы мен кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі жұмылдырылды.
260 шаршы метр аумақты шарпыған өрт сағат 15.48-де сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Оттың шығу себебі анықталып жатыр.