Шығыс Қазақстанда 165 елді мекеннің әлі бас жоспары жоқ
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы 165 ауылдың бас жоспары бекітілмеген.
ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда өңір аумағында 360-қа жуық елді мекен орналасқан. Олардың бекітілген бас жоспармен қамтамасыз етілу деңгейі 52%-ды құрайды. Ал 165 елді мекеннің бас жоспары жоқ.
— Заңнамаға сәйкес, бас жоспарлардың есептік қолданылу мерзімі 15-20 жыл. Қазіргі уақытта 100-ден астам елді мекеннің жоспары бойынша осы мерзімнің өтуіне байланысты оларды түзету қажет. Бүгінгі таңда облыс қалаларының 6 бас жоспарының ішінде екеуі цифрландырылып, Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының базасына енгізілді, — деді басқарма басшысы Руфат Акрамов.
Оның айтуынша, бекітілген бас жоспарларсыз туризм саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкін емес.
Былтыр облыс бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен біріктірілген ауылдық елді мекендердің 22 бас жоспары әзірленген.
Еске салсақ, осыған дейін инвестициялық келісімшарттарды негізсіз бұзғаны үшін 5 лауазымды тұлға жазаланғаны хабарланған.