Шығыс Қазақстанда жылу орталықтарының қысқа дайындығы - 82 пайыз
Шығыс Қазақстан облысындағы жылу электр орталықтарының жылыту маусымына дайындығы 82,3 пайызды құрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңір бойынша барлық ЖЭО-лардың жылыту маусымына дайындығы 82,3%-ды құрады.
Оның ішінде қазандықтар 76,6%, турбоагрегаттар - 91,3% дайын.
«Гидроэлектростанцияларда жөндеу жұмыстары 87,7% аяқталды. Сонымен қатар облыстағы 32 орталықтандырылған қазандықтар – 89%, жылумен жабдықтау желілері – 98,9% дайын. Көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты айтар болсақ, олардың 97,5%, бюджеттік ұйымдар 100% дайындалды. Жылу желілерін техникалық тексеру толығымен аяқталды. Осы жылы Өскемен қаласы мен Глубокое кентінің 12,9 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту және салу бойынша 4 жоба іске асырылды», - дейді басқарма басшысы Дидар Кеңесбаев.
Осы ретте Риддер ЖЭО мен қаланың жылу желілерін жөндеу жұмыстары ерекше бақылауда. Биыл осы мақсаттарға 8 млрд 945 млн теңге бөлінген.
«Жылыту маусымына уақтылы дайындалу үшін жергілікті атқарушы орган өкілдері күрделі жөндеуден кейін қазандық агрегаттарын іске қосып көруде. Соған сәйкес 15 қыркүйектен бастап Риддердегі № 1,2,3 қазандық агрегаттарын жуу және гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары басталды. Осылайша, жылыту маусымының басында осы 3 қазандық толық дайын болады», - дейді Д.Кеңесбаев.
Бұдан бөлек, №4 қазандық агрегаты 15 қазанға дейін, №5 қазандық 20 қазанға дейін, №6 қазандық 15 қарашаға дейін іске қосылады.