Шығыс Қазақстандағы 3 су қоймасы апатты жағдайда тұр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы 7 су қоймасы жаңғыртылады.

Өңірлегі гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне бақылау күшейтілді. Облыстық мәслихаттың отырысында 3 су қоймасы ресми түрде апатты жағдайда деп танылған. Ал бұлардан басқа 7 су қоймасы ауыл шаруашылығы алқаптарын суару мақсатында бірінші кезекте жаңғыртылатын болды.
ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, «Шығыс су қоймалары» КМК-ның балансында 34 гидротехникалық нысан бар.
- Апатты жағдайдағылардың қатарында Қандысу, Үйдене және Орта Теректі су қоймалары бар. Бұл жерлерге облыс билігі нысандық сипаттағы төтенше жағдай режимін енгізген. Су қоймаларын қалпына келтіруге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға қаржы қарастырылған. Алайда олардың ішіндегі тек Орта Теректі су қоймасы ғана коммуналдық меншікке жатады. Қалған екеуі республикалық ведомстволардың қарауында, - дейді басқарма басшысы Арман Есентаев.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы 17 жағажайда қауіпсіздік талаптары сақталмағаны хабарланған.