«Шығыс–Батыс» бағытын толық қамтимыз» — Қазақстан ауқымды терминалдар жүйесін құрып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан арқылы өтетін көлік бағыттарына қосымша жүк ағынын тарту үшін әлемдегі жүк тасымалын қалыптастыратын нүктелерде терминал инфрақұрылымын кеңейту мақсатында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы Көлік саясаты департаментінің директоры Дінмұхамед Сембаев айтты.

— Мәселен Ляньюньган портында 2014 жылдан бері Қытай–Қазақстан халықаралық логистикалық терминалы жұмыс істеп тұр, одан жылына 410 мың контейнер өтеді. Бұл терминалдың жұмысы Азия–Тынық мұхиты аймағы елдерінен келетін жүк ағынын тартуға және Қазақстан бағытына импорттық тасымалдарды шоғырландыруға бағытталған, — деді ол Қазақстанның экспорттаушылар форумында.
Сондай-ақ спикер Қытайда және Грузияда іске қосылған порттарды атап өтті.
— 2024 жылы Сиань қаласындағы құрғақ портта бірлескен терминал іске қосылды. Бұл орталықтан жылына 133 мың контейнер өтеді. Терминал Қытай–ЕО, Қытай–Орталық Азия, Қытай–ТХКБ бағыттары бойынша жүкті топтастырып, контейнерлік пойыздар арқылы жөнелтуге бағытталған. Сонымен қатар, жеке бизнес бастамасымен Поти портында жылына 120 мың контейнер өткізуге қабілетті «Поти ТрансТерминал» АҚ терминалы салынды, — деді Дінмұхамед Сембаев.
Одан бөлек департамент басшысы қазіргі уақытта да бірнеше терминал салынып жатқанын айтты.
— Ташкент (Өзбекстан), Алят (Әзербайжан) және Венгрияда да терминалдар салынып жатыр. Тағы бір ірі терминал Мәскеу маңындағы Селятино станциясында салынып жатыр, ол — жылдық өткізу қабілеті 500 мың контейнер болатын ірі жоба, — деді ол.
Спикердің айтуынша, терминал инфрақұрылымы тізбегінің соңғы нысаны — Шығыс Еуропаға кіреберіс қақпа саналатын Свислочь станциясы болмақ. Бұл жобаның шамамен жылдық қуаттылығы — 100 мың контейнер. Негізгі қызметі — еуропалық теміржол табанынан біздің кең теміржол табанына және кері бағытта контейнерлерді ауыстырып тиеу.
— Осылайша, біз «Шығыс — Батыс» бағытын толық қамтимыз. Сонымен қатар, болашақта Румынияның Констанца портында және Қытайдың (ШҰАР) Үрімші қаласында бірлескен терминалдар ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Нәтижесінде сыртқы терминалдардың жиынтық өткізу қабілеті 5 есеге артып, жылына 2,5 миллион контейнерге жетеді, — деді Дінмұхамед Сембаев.
Айта кетсек, Қазақстан көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға соңғы 15 жылда 35 млрд доллар инвестициялады.
Ал 2027 жылы Транскаспий көлік бағытының жүк өткізу көлемі 10 млн тоннаға жетеді.