Шикізатты шикізат күйінде сатып жіберу жеңіл болып тұр – Мәжіліс депутаты

АСТАНА. KAZINFORM – Шикізаттан қосылған құны жоғары өнім алуды жолға қою керек. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев айтты.

Мурат Ергешбаев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Көмір зиян деген соң одан қашқақтап отырмыз. Ал әлемде әлі пайдаланып жатыр ғой. Жаңа технологиялар бар. 2000 жылдары Германияда болғанбыз. Олар көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарын жауып бастады. Енді қайтадан соған көшейін деп жатыр. Сол кезде ЖЭО-ларына барғанымызды ақ халатпен тап-таза болып жүреді. Ал қазір технология тіпті дамып кеткен ғой. Соны пайдалануымыз керек. Құдайға шүкір көміріміз бар. Бірақ бізге шикізат күйінде сатып жіберу жеңіл болып тұр, қиналмайсың, - деді ол.

Мәжіліс депутаты бидайды да шикізат күйінде экспортқа шығарып отырғанымызға алаңдаушылық танытты.

- Бидай ма, бидай күйінде сатып жібереміз. Неге бидайдан қосылған құны жоғары өнім алмаймыз? Бидайдың өзінен 27 өнім түрі шығады екен. Қырғызстан 3 ұн тарту зауытын салып алды. Ал бидайды бізден алып отыр. Олар бидай импортына 0 пайыз, ұнға 10 пайыз мөлшерлеме қойған. Неге? Себебі салған 3 зауыты жұмыс істеуі керек. Ұнды Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстанға экспорттайтынмыз. Енді Өзбекстан өзі де бидай егіп, нарықтан кетіп жатыр. Дегенмен, әлі де бидайды бізден арзан бағамен алады, - деді Мұрат Ергешбаев.

Айта кетейік, бұған дейін отандық шикізатты өңдеуде жергілікті кәсіпорындарға басымдық берілуі тиіс екені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар