Шымбұлақта қысқы маусым ресми түрде ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қысқы туристік маусым басталды.
Шымбұлақ тау-шаңғы курорты дәстүрлі түрде 6 желтоқсанда маусымды ресми түрде ашты. Алдыңғы маусымда мұнда 1,5 млн адам келген, ал халықаралық басылымдар Шымбұлақты әлемдегі ең үздік 5 тау шаңғысы бағыттарының қатарына енгізді.
– Жаңа маусымда Шымбұлақ туристік белсенділік аясын кеңейтеді. Le Mont алаңында әр сенбі сайын күндізгі après-ski өтеді. Қазірдің өзінде Талғар, Жасыл Алаң, Ақ Аю және Ақбарсық трассалары ашық. Қосымша беткейлер мен Талғар асуынан түнгі сырғанау алаңдары ауа райы тұрақты суытқан сәттен бастап іске қосылады, - делінген хабарламада.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы қаңтар-қараша айларында Іле-Алатау ұлттық саябағына 901 мың адам, ал қаңтар-қазан аралығында Шымбұлаққа 1,1 млн турист келген. 2025 жылдың жазында курорт 450 мыңнан астам қонақты қабылдаған.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылғы 26 қарашада Шымбұлақ тау-курортында қысқы маусымның техникалық ашылуы болғанын жазғанбыз.
Шымбұлақ тау-курортының баспасөз қызметі 26 қарашадан бастап Сол жақ Талғар және жаңадан бастаушыларға арналған: Ақ қонжық, Жылан және Ақ барыс трассаларында сырғанауға болатынын хабарлаған еді.