Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қандай
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында халықтың тұрмыс сапасын арттыру, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс істеліп жатыр.

26–27 қыркүйек күндері қалада ұлттық руханиятты ұлықтайтын «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестивалі өтуде. «Қызғалдақ» сарайында ұйымдастырылған өнер мерекесінде ән, күй, жыр, терме және дәстүрлі мектептердің тағылымы көрерменге ұсынылды. Қазақстанның халық әртістері мен белгілі мәдениет қайраткерлері қатысқан кеш қала тұрғындарына рухани қуат сыйлады.
Қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында қоғамдық көлік саласында да оң өзгерістер бар. Жақында №150 және №146 бағыттарына 30 жаңа заманауи автобус жолға шықты. Қарағанды қаласында құрастырылған Yutong маркалы автобустар жолаушыларға ыңғайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетеді. Бұл – қалалық көлік жүйесінің сапасын арттыруға жасалған қадам.

Әлеуметтік қолдау саласында қарттарды қорғау басты назарда. 1 қазан – Қарттар күніне орай зейнеткерлерге бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, жалғызілікті қарияларға ай сайынғы төлем қарастырылған. Шымкент қаласында 99 мыңнан астам зейнеткер бар, олардың денсаулығын жақсарту үшін жыл сайын 7 мыңнан астам адамға санаторлық емделуге жолдама беріледі. Бұл бағытта «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесі жүйелі жұмыс істеп жатыр.

Қоғамдық қауіпсіздік те назардан тыс қалған жоқ. Өткен аптада 175 қылмыстық іс тіркелді, олардың басым бөлігі интернет-алаяқтық пен ұрлық деректеріне қатысты. Қала тұрғындарына өз банк карталарын бөгде адамдарға бермеу, тауарды тек ресми дүкендерден сатып алу туралы ақпарат беріліп, ескерту жасалды. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүргізушілерге тәртіп сақтау, ал ата-аналарға кәмелет жасына толмаған балаларға скутер мен самокат жүргізуге жол бермеу қажеттігі айтылды.
Еңбек күніне орай «Арбат» демалыс аймағында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Онда 100-ден астам жұмыс беруші тұрғындарға қызмет ұсынды, ал үздік еңбек озаттары арнайы марапатталды.
Қоғамдық тыныштықты сақтау үшін түнгі мезгілде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері заңсыз фейерверк атқандарға 9,6 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Қала инфрақұрылымын дамыту бағытында да маңызды қадам жасалды. Еңбекші ауданындағы Қойкелді Батыр – Ақназархан көшелеріндегі теміржол өткелі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Жаңартылған көпір тұрғындарға қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалыс жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Тұран ауданы Арғымақ шағынауданының әлеуметтік нысандармен қамтылу мәселесі бойынша тұрғындармен арнайы кездесу өткізіліді. Шағынаудан тұрғындарына көршілес орналасқан Құлагер және Ақжар шағынаудандарындағы мектептер мен балабақшалар қызмет көрсетуде. Медициналық көмек те жақын маңдағы амбулатория арқылы қамтамасыз етілген. Ал инфрақұрылымдық жүйелердің басым бөлігі іске қосылған.
Жалпы, Шымкент қаласының әкімдігі тұрғындардың өмір сапасын арттыру, әлеуметтік қолдауды күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бағытында кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып жатыр.