Шымкентте 17 жасар қызды алып қашып, зорлаған — полиция жауап берді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте кәмелетке толмаған қыздың ұрланып, зорланғаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Фото: Kazinform

Бейнежазбада бірнеше әйелдің қызды көліктен күштеп шығарып жатқанын, кейін ер адамның оны қолына көтеріп алып кеткенін көруге болады. Оқиға көптеген куәгердің көз алдында болған. 

— Шымкенттен шыққан кәмелетке толмаған қыз өз еркінен тыс ұрланып, бір үйге жеткізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, күдіктінің туыстары оны сол үйде қалуға көндірген. Ал ол ешқандай шағымы жоқ екені туралы өз қолымен хат жазудан бас тартқаннан кейін, туыстары бірлесіп зорлау әрекетін ұйымдастырған. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін ешкім жауапкершілікке тартылмаған, — делінген хабарлама жазбасында.

Бейнежазбадағы ақпаратқа сәйкес, жәбірленушінің жасы — 17-де. Оны Сарыағаш ауданына күштеп әкеткен.

Осы оқиғаға байланысты Kazinform тілшісінің сұрауына қалалық Полиция департаменті түсінік берді.

— Шымкент қаласы тұрғынының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысқан барлық тұлға полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі таңда барлық оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатыны айтылды.

— Заң талаптарын бұзған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті түрде жауапкершілікке тартылады, — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Бұдан бұрын Полиция Шымкентте қаза тапқан студент қыздың отбасы жариялаған деректерге жауап бергенін жазған едік. 

Шымкент қаласында қызды өлтіру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің бақылауына алынғаны хабарланды. 

Соңғы жаңалықтар