Шымкентте 250-ден астам борышкер әкімшілік қамаққа алынды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қазіргі таңда Шымкентте балаларына алимент төлеуге міндетті 13 мыңнан аса адам бар. Олардың 603-і түрлі себеппен қарызын төлеуден жалтарып жүр.

суд приговор арест наказание уголовное дело
Фото: freepik.com

Қалалық әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың айтуынша, 2025 жылы Шымкентте балалары алдындағы берешегін өтемеген 98 адамға қатысты соттың айыптау үкімі шыққан.

– Егер азамат соттың шешімін орындаудан жалтарса оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 5 күн қамақ жазасы тағайындалады. Осы шаралардан кейін де алимент төлеуден жалтаратындар бар. Ондай адамдарға құқық қорғау органдары айыптау үкімдерін шығарды. Өткен жылы алимент санатындағы істер бойынша 412 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 373-і борышкердің өзі, 39-ы олардың жұмыс берушілері. Нәтижесінде 256 борышкер қамаққа алынып, 156 адамға айыппұл салынды, – деді ол.

Оның сөзінше, борышкерлерді жауапкершілікке тартумен қатар, жұмыспен қамтуға да басымдық беріліп келеді. Осы мақсатта былтыр жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 306 борышкер тұрақты жұмысқа орналасқан.

Бұдан бұрын Шымкентте алиментке 4,8 млн теңге берешегі бар ер адам сотталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар