Шымкентте 500 мегаваттық экологиялық газ жылу станциясы салынады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қаладағы газдандыру деңгейі ел бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі – 97%, бұл 1,1 млн тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Шымкентте 500 мегаваттық экологиялық газ жылу станциясы салынады
Фото: Энергетика министрлігі

Шымкент қаласында Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс қала тұрғындарымен кездесу өткізіп, онда газ инфрақұрылымын дамыту, электр және жылумен жабдықтау жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ халықты мұнай өнімдері және сұйытылған мұнай газы­мен қамтамасыз ету шаралары туралы кеңінен баяндады.

Шымкентте энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және жетілдіру жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Республикалық бюджет аясында жылумен жабдықтау жүйесін дамыту бойынша жобалар көзделген. Оның ішінде РК-1 қазандығы аумағында сорғы станцияларының ғимараттарын салу, К-24 қазандығын және АДЦ қазандығын жаңғыртуды аяқтау жұмыстары бар.

Қаладағы газдандыру деңгейі ел бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі – 97%, бұл 1,1 млн тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2024 жылы жүзеге асқан газдандыру жобаларының нәтижесінде 80 мыңнан астам қала тұрғыны табиғи газға қол жеткізді.

2025 жылы «Жұлдыз», «Жалын» және «Қарабастау» тұрғын алаптарында жұмыстар жалғасып жатыр. Жобалар аяқталған соң 13 мыңнан астам адам газға қосылып, екі жаңа тұрғын ауданға газ беріледі.

Сонымен қатар, Шымкентте қаланы жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында қуаты 500 мегават болатын бу-газ қондырғысының құрылысы жоспарланып отыр.

Сондай-ақ вице-министр «Оңтүстік Жарық Транзит» кәсіпорнының диспетчерлік орталығына барып, орталықтың тәулік бойғы жұмыс тәртібімен, жедел басқару процесімен және цифрландыру бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Айта кетелік Атырау тұрғындарының 99,9%-ы су, газ және электрмен қамтылған

Соңғы жаңалықтар