Шымкентте 86,3 млн теңге жалақы қарызын өтеуде заңбұзушылықтар анықталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының прокуратурасы банкроттық рәсімі жүріп жатқан бірнеше кәсіпорындағы заңбұзушылықтарды әшкереледі.
Тексеру нәтижесінде 68 жұмыскер алдында 86,3 млн теңге жалақы қарызы бойынша кредиторлық берешекті өтеу рәсімінде бірқатар заң талаптары сақталмаған.
Ведомствоның мәліметінше, прокурорлық қадағалау актілері негізінде ҚР ӘҚБтК-нің 176-бабының 1-бөлігі бойынша (550 480 теңге айыппұл) банкроттық рәсімі жүріп жатқан заңды тұлғаның басшысы әкімшілік жауапқа тартылды. Ол меншігіндегі «LEXUS LX 570» автокөлікті екі жылдан астам уақыттан бері банкроттықты басқарушыға табыстамаған.
— Сондай-ақ 8 автокөлікті сатуды созбаландыққа салып, 22 жұмыскер алдында 26,1 млн теңге жалақы қарызы бойынша кредиторлар талаптарын орындамаған «Конти-Строй» ЖШС-нің банкроттықты басқарушысы ҚР ӘҚБтК-нің 179-бабының 23-бөлігімен (82 572 теңге) әкімшілік жауапқа тартылды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар анықталған заң бұзушылықтар жойылып, «ҰЛАН-СЕРВИС» ЖШС екі жұмысшыға 5,4 млн теңге көлемінде жалақы қарызын өтеген.
Бұдан бұрын Шымкентте әлеуметтік төлемдерді жымқыру бойынша іс тергеліп жатқанын жазған едік.