Шымкентте ашық аспан астындағы мұз айдындары ашылады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Ашық аспан астындағы бірінші мұз айдыны Мұз сарайының маңында, екіншісі Арбат аллеясында салынады. Жоба жеке инвесторлардың қолдауымен жүзеге асырылады.

Шымкентте ашық аспан астындағы мұз айдындары ашылады
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Қалада сырғанау алаңдарын орнату жұмыстары басталды. Алғашқы мұз айдыны Байтұрсынов көшесіндегі «Мұз Сарайы» ғимаратының алдында орналасады. Ол 550 шаршы метрді (ұзындығы 34 метр, ені 17 метр) қамтиды. Онда ай сайын 20-30 мың адам тегін коньки тебетін болады.

Шымкентте ашық аспан астындағы мұз айдындары ашылады
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Екінші мұз айдыны Арбат аллеясында ашылады. Ол айтарлықтай үлкен, жалпы ауданы — 1830 шаршы метр (ұзындығы 150 метр және ені 12,5 метр). Бұл алаңға айына 50-60 мың адам келеді деп жоспарланған. 

Шымкентте ашық аспан астындағы мұз айдындары ашылады
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Екі мұз айдыны да 400 кВт заманауи тоңазытқыш қондырғылармен жабдықталады. Бұл оңтүстіктің құбылмалы ауа райында мұз бетін жоғары сапада сақтауға көмектеседі.

Шымкентте ашық аспан астындағы мұз айдындары ашылады
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

— Жобаның басты мақсаты — әр адамның белсенді қысқы демалысы үшін жайлы және қауіпсіз жағдай жасау. Біз шымкенттіктер мен қала қонақтары спортпен шұғылданып, бос уақытын қызықты өткізіп, денсаулықтарын нығайтқанын қалаймыз, — делінген ақпаратта.

Мұз айдындары жеке инвестиция есебінен салынып жатыр. Демеуші компаниялар коньки мен жабдықтарды жалға беру және ыстық сусындар сияқты ақылы қызметтерді көрсету арқылы шығындарды ішінара өтейтін болады.

Шымкентте ашық аспан астындағы мұз айдындары ашылады
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Осыған дейін «Медеу» мұз айдынын жаңғырту кезінде жаңа жобалар жүзеге асырылатыны туралы хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар