Шымкентте Еңбек министрлігі департаментінің экс-басшысы пара бергені үшін сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте Еңбек министрлігі департаментінің бұрынғы басшысына төтенше жағдайлар департаментінің қызметкеріне пара бергені үшін 1,2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Тұңғышбаев пен Тұран ауданының төтенше жағдайлар басқармасының бұрынғы бас маманы Азамат Бұлдырықовқа қатысты сыбайлас жемқорлық ісін қарады. Екеуі де кінәсін толық мойындап, тергеу жинаған дәлелдерге дау айтпаған. Іс қысқартылған тәртіппен қаралды.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы мамырда Тұран ауданының төтенше жағдайлар басқармасы Тұңғышбаев басшылық еткен департаментте өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғаныс талаптарының сақталуына тексеру тағайындаған. Тексеру Бұлдырықовқа тапсырылған. Ол 28 мамыр мен 3 маусым аралығында 23 заңбұзушылықты анықтап, мекеме басшысына ауызша хабарлаған.
Тұңғышбаев ескертулер тізімін қысқартып, актіде мекеме өз күшімен жоя алатын заңбұзушылықтарды ғана қалдыруды сұраған. Нәтижесінде 3 маусымда Бұлдырықов бастапқыда анықталған 23 заңбұзушылықтың орнына 16-сын көрсетіп, акт рәсімдеген.
Келесі күні департамент басшысы тексерушіні қызметтік кабинетіне шақырып, тексеру нәтижесін өзгерткені үшін оған 100 мың теңге берген.
9 маусымда Бұлдырықов Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментіне барып, қылмыс туралы арыз түсіріп, кінәсін мойындаған.
Тергеу барысында іске қатысушылардың тексеру нәтижелері, анықталған заңбұзушылықтар мен пара сомасы туралы сөйлескен жазбалары алынған. Сонымен қатар профилактикалық бақылау құжаттары мен ақша тәркіленген. Бұл материалдар іс бойынша дәлел ретінде танылды.
Сот отырысында Тұңғышбаев заңбұзушылықтар санын азайту үшін 100 мың теңге ұсынғанын және ақшаны ТЖД қызметкеріне өзі бергенін растады. Бұлдырықов пара алғанын және тексеру актісіне өзгеріс енгізгенін мойындады. Екеуі де өкініп, айыппұл тағайындауды сұрады.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушылардың бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін ескерді. Тұңғышбаевтың алты баласы бар, оның үшеуі кәмелетке толмаған. Ал Бұлдырықовтың асырауында төрт кішкентай баласы мен зейнет жасындағы ата-анасы бар. Сот бұрынғы ТЖД қызметкерінің кәсіби антын бұзуын жазаны ауырлататын мән-жай деп таныды. Тұңғышбаевқа қатысты ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Руслан Тұңғышбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 1-бөлігі («Пара беру») бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 1,5 миллион теңге айыппұл салды. Алты күн қамауда және 23 күн үйқамақта болған уақыты есепке алынғаннан кейін айыппұлдың түпкілікті сомасы 1 197 250 теңге болып белгіленді.
Азамат Бұлдырықов ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 1-1-бөлігі («Пара алу») бойынша сотталды. Оған 2,5 миллион теңге айыппұл салынып, азаматтық қорғау майоры атағынан айырылды.
Екеуіне де мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда, сондай-ақ сот, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және үкімде көрсетілген өзге де құрылымдарда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Сот мүлікті тәркілеу жазасын қолданбады. Тергеу кезінде айыпталушылардан заңсыз жолмен алынған немесе қылмыстық табысқа сатып алынған мүлік табылмаған.
Сотталғандарға айыппұлды үкім заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде өз еркімен төлеу міндеттелді. Төлемеген жағдайда айыппұлдың өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.
Тәркіленген 100 мың теңге мемлекет кірісіне өткізілді. Сонымен қатар Тұңғышбаевтан 64 875 теңге, Бұлдырықовтан 86 500 теңге жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына өндірілді.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда пробация қызметінің бұрынғы инспекторы пара алғаны үшін 12 млн теңге айыппұл арқалағанын хабарлағанбыз.