Шымкентте жылыту маусымы 1 қарашада басталады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қалада ауа температурасының төмендеуіне байланысты және әкім қаулысына сәйкес жылыту маусымы 1 қарашадан бастап іске қосылады.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, алдымен жылу әлеуметтік нысандарға – мектептерге, балабақшаларға, ауруханалар мен басқа да мекемелерге беріледі. Бұдан кейін кезең-кезеңімен көпқабатты тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттар қосылады.
Қаланы толық жылумен қамту жұмыстарын 6 қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұған дейін Үкімет еліміздің жылыту маусымына толық дайын екенін мәлімдеген болатын. Қазақстанда көмір мен мазут тапшылығы жоқ, сондай-ақ тұрақты жеткізілім қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, ел аумағында көмір мен теміржол тарифтерінің бағасы тұрақты сақталып, жанар-жағармай нарығында АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынына бағаның өсуіне мораторий енгізіледі.