Шымкентте жылу беру маусымы қашан басталады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету 20 қазаннан басталуы мүмкін.

Жылыту
Фото: Pexels

Жылу беру маусымын бастау туралы шешім ауа-райы жағдайларын ескере отырып қабылданады.

— Нормативтік талаптарға сәйкес, Шымкентте жылу беру маусымы әдетте 20 қазан мен 1 қараша аралығында басталады, бұл сыртқы ауа температурасының орташа тәуліктік көрсеткіштеріне байланысты, — деп түсіндірді қалалық энергетикасы және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандары.

Орташа тәуліктік температура +8 °C және одан төмен болған кезде және бірнеше күн бойы осы деңгейде сақталған жағдайда жылу беру іске қосылады.

Синоптиктердің мәліметінше, қыркүйек айының соңына дейін Шымкентте жылы ауа райы сақталады. Тек қазан айында аяз түсуі ықтимал.

— Қазан айында Қазақстанның оңтүстігінде ауа температурасы +11…+15 °C шамасында болады, бұл климаттық нормадан шамамен бір градус жоғары. Қараша айында ауа райы +3…+8 °C болады, яғни әдеттегіден 1–2 градус жылы болады, — делінген «Қазгидромет» РМҚ мамандарының консультативтік болжамында.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкент тұрғындары Қошқарата өзені суының ластануына алаңдаулы екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар