Шымкентте жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі басталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында Отбасы банк – «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы екі күндік ауқымды жылжымайтын мүлік жәрмеңкесін бастады.
Бұл тіршілігі қайнаған үшінші мегаполисте жүздеген отбасының баспанаға жақындауына жаңа мүмкіндік сыйлайтын ерекше алаң болмақ. Жәрмеңкеге елімізге танымал және жергілікті жетекші құрылыс компаниялары келді. Олардың қатарында болған OKS group, Kanfar building, Отау Group, BI Group, BATSU group, Pioneer Group, Dis Construction, BKN Group, Royal Style City, Prime Builder және Altyn Construction сынды компания өкілдері өздерінің ең таңдаулы жобаларын ұсынды. Аталған әрбір компанияның артында жаңа шағынаудан, заманауи инфрақұрылым, болашаққа салынған берік инвестиция жатыр.
Қала тұрғындары үшін үй таңдауға кең мүмкіндік ашқан осынау жәрмеңкеге жиналғандар қатары көп болды. Мұнда келушілер бір мезетте бірнеше тұрғын үйдің орналасу аумағын, жобасын, баға айырмашылығын көріп, құрылысшылармен бетпе-бет жүздесіп, банк кеңесшілері арқылы несие шарттарымен танысып, толық мағлұмат алуға мүмкіндік алды.
Банк кеңесшілері арқылы алдын ала мақұлдау жұмыстарын да жасап көріп жатты. Бір сөзбен айтқанда, баспана іздеген жан бір күнде бірнеше жылдық ақпаратқа қанықты. Жәрмеңке аясында «Наурыз 2025», «Наурыз жұмыскер» сияқты әлеуметтік маңызы зор бағдарламалардың мүмкіндіктері де кеңінен түсіндірілді.

– Биылғы жәрмеңкенің ауқымы бұрынғыдан да кеңейіп отыр. Шымкент қана емес, Түркістан қаласында үй салған ірі құрылыс компаниялары да қатысып жатыр. Әр компания өз тұрғын үй жобасын таныстырып қана қоймай, келушілерге түрлі жеңілдіктер ұсынып жатыр. Бірі пайыздық мөлшерлеме бойынша шегерім жасаса, енді бірі ақшалай ұтыстар мен бағалы сыйлықтар ойнатып, жәрмеңкеге ерекше көңіл күй қосып отыр. Бұл іс-шараны дәл қазір өткізудің өзіндік себебі бар. Қазір «Наурыз» бағдарламасына өтініш қабылдау қарқынды жүріп жатыр. Аталған бағдарламаға Шымкент қаласынан 1 000 азамат қатысады деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде қатысушылардың шамамен 25 пайызы төлем қабілеттілігін тексеріп көріп, бағдарламаның тиімділігіне көз жеткізді. Көпшілігі шарттардың қолайлы екенін айтып, оң пікір білдіріп жатыр. 15 желтоқсаннан өтініш берген азаматтармен жүйелі әрі тығыз жұмысты бастаймыз. Біздің мақсат әрбір тұрғынға толық ақпарат беріп, баспанаға бір қадам жақындату, – деді Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Жәрмеңкеге келгендердің бірі, 31 жастағы төрт баланың анасы, Отбасы банк салымшысы Гүлнұр Пошанова бірнеше жылдық еңбегінің нәтижесімен бөлісті.

– Отбасы банкке салымшы болғаныма бірнеше жыл болды. Жолдасым уран өндірісінде вахталық әдіспен жұмыс істейді, өзім дәрігермін, қазір бала күтімімен үйдемін. Тұрақты табыс болмағанымен, 2021 жылдан бері бар мүмкіндікті пайдаланып, 8 миллион теңге жинадық. Бұл еңбектің, үнемнің, болашаққа деген сенімнің жемісі. Бұйырса, келер жылы үш бөлмелі үй алуды жоспарлап отырмыз. Балалар кең, жарық үйде өссе екен дейміз. Отбасы банк біз үшін жай ғана қаржы ұйымы емес, жас отбасыға үміт сыйлаған сенімді серіктеске айналды, – дейді ол.
Айта кетейік, биылдың өзінде Шымкент қаласы бойынша Отбасы банкке 60 мыңнан астам жаңа салымшы қосылып, 4 530 отбасы қоныс тойын тойлаған. Мұның барлығы банктің қолжетімділігі және несие мөлшерлемелерінің тұрақты болуының арқасында қол жеткен жетістік. Бастапқы жарнасы жинақталған салымшылар үшін несиелер жылдық 3,5%-дан 8,5%-ға дейін рәсімделеді. Бұл – еліміздегі ең төмен пайыздардың бірі.
Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Qamqor» бағдарламасы арқылы биыл 403 азамат жаңа баспанаға қол жеткізді. Жылдық мөлшерлеме небәрі 5 пайызды құраған бұл бағдарламаға дәрігерлерден бастап мұғалімдерге, мәдениет, спорт, энергетика саласының мамандарына дейін көптеген азамат қатысты. Қазіргі таңда баспана алуға өтінімдер мен құжат қабылдау рәсімі толық цифрландырылып, «Баспана маркет» порталы арқылы жүргізіледі. Бұл да халыққа көрсетілетін қызметтің жаңа деңгейі.
Шымкенттегі жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі жаңа үй іздегендерге ғана емес, жалпы тұрғын үй нарығындағы ашықтыққа, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға және баспаналы болуды жеңілдетуге бағытталған игі бастама болды. Үшінші мегполис жұрты үшін бұл жәрмеңке жақын болашақта тағы да көптеген отбасының қоныс тойымен жалғасады деген сенім бар.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы