Ішкі сауда ережелеріне өзгерістер енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 29 шілдедегі Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен ішкі сауда ережелеріне, сондай-ақ сауда нарығы қызметін ұйымдастыру қағидасына, оның ішінде аумағы, жабдықтау және қамтамасыз етуге қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілді.

чек
Фото: pixabay.com

Ережеде нақтылағандай, ішкі сауданы дамыту және қазақстандық тауарлардың, жұмыс және көрсетілетін қызметтің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ұлттық мүддені ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар сауда қызметіне қолайлы жағдай жасау жөнінде шаралар әзірлейді. 

Ішкі сауда субъектілері мен сауда желілері сауда нарығы арқылы тауарларды өткізу кезінде міндетті:

— Қазақстанда жасалған тауарларды арнайы маңдайша немесе «Қазақстанда жасалған» деген жазумен белгілеу. Бұл жазуды қатар орналасқан бірнеше отандық тауарға қолдануға болады;
— Қазақстанда жасалған тауарларды «Қазақстанда жасалған» деген жазумен қатар, сұранысы жоғары өнімдердің жанында кросс-мерчендайзинг әдісімен орналастыру;
— Қазақстанда жасалған азық-түлікті жалпы сауда алаңының және азық-түлікке арналған сөрелер кеңістігінің кемінде 30 пайызын алатындай етіп орналастыру;
— Отандық тауарларды визуалды және физикалық тұрғыдан қолжетімді орындарға (көзге көрінетін) қою.

Егер бұл көлемде қазақстандық азық-түлік болмаған жағдайда, қалған орындар мен сөре кеңістігі ішкі сауда субъектісінің қалауы бойынша басқа тауарлармен толтырылады.

Сондай-ақ, азық-түлікке арналған сауда алаңын немесе сөре кеңістігін бөлу қазақстандық өндіруші немесе қазақстандық өнімді өткізетін ішкі сауда субъектісінің жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады.

Егер өтініш болмаса, сауда желілері арқылы тауар өткізетін ішкі сауда субъектілері қазақстандық өндірушілерді өз бетімен тартуды ұйымдастырады.

Өндірушілер немесе жеткізушілер тарапынан өтініштің болмауы немесе жеткіліксіздігі жағдайында бос тұрған сауда алаңы мен сөре кеңістігі өзге тауарларды сатуға пайдаланылады.

— Көтерме-үлестіру орталығы — ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықта одан әрі өткізу үшін қабылдау, сақтау және бастапқы өңдеу (тазалау, калибрлеу, сұрыптау, буып-түю және басқа қызмет) бойынша қызмет көрсететін, жеміс-көкөніс және өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру орындарына жақын орналасатын, азық-түлікпен жұмыс істеуге арналған, сатып алу, дайындау, бөлу және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған жылжымайтын мүлік объектісі, — делінген құжатта.

Қазақстанда шығарылған және шетелдік өндірістегі автокөліктер, мотоциклдер мен өзге де мототехника, сондай-ақ оларға арналған нөмірлік агрегаттар, егер меншік құқығын растайтын құжат және сату мақсатында есептен шығару құжаты болған жағдайда, комиссиялық саудаға қабылданады.

Сонымен қатар, көрме-жәрмеңке саудасы аясында орындарды бөлуге қатысты басымдық қазақстандық тауар өндірушілерге беріледі.

Одан бөлек, ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндіретін қазақстандық тауар өндірушілермен келісімшарттар жасасуы көзделген.

Бұйрық 2025 жылғы 12 тамыздан бастап күшіне енеді. 

Бұған дейін еліміздегі көлеңкелі экономикамен күрес және заңсыз тауар айналымының алдын алу бағытындағы жұмыс туралы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов Мәскеуде өткен халықаралық конференцияда баяндаған еді. 

Соңғы жаңалықтар