Ішкі істер органдары және әскери қызметшілерге сыныптық біліктілік беру тәртібі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Министрлік ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне сыныптық біліктілік беру, арттыру, растау, сақтау, төмендету және алып тастау қағидасына өзгерістер енгізді.
Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Атап айтқанда, 2025 жылғы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мен әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметінің артық заңнамалық реттелуін алып тастау туралы» заңға сәйкес «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заңында «желілік» атауы «көлікпен» деп өзгертілген.
Осыған байланысты жобада атаулар мен терминология заңнамаға сәйкестендіріліп жатыр.
Сонымен қатар, келесі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі:
— ішкі істер органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне сыныптық біліктілікті төмендету және алып тастау тәртібі, сыныптық біліктілікті анықтау кезіндегі қызмет өтілін есептеу тәртібі;
— Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің сыныптық біліктілігін айқындау кезінде олардың қызмет өтілін есептеу тәртібі;
— ведомстволық әскери оқу орындарында және халықаралық келісімдер аясында шетелде күндізгі оқу нысаны бойынша білім алып жатқан Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, сондай-ақ крап береті мен крап түсті тельняшка киюге құқық беретін біліктілік сынағынан сәтті өткен әскери қызметшілердің сыныптық біліктілігін айқындау тәртібі;
— Ұлттық ұланның авиациялық персоналына сыныптық біліктілікті айқындау тәртібін алып тастау (аталған өкілеттіліктің ҚР Қорғаныс министрлігіне берілуіне байланысты).
Құжат ішкі істер органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің кәсіби деңгейін жан-жақты бағалауға, оларды қосымша материалдық ынталандыруға, сондай-ақ кадр тарту мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Құжат жобасы биыл 12 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.
Өткен жылы аттестациядан өтпеген ішкі істер органдары қызметкерлерін жұмыстан босату мәселесін көтерген едік.