Ішкі істер органдарындағы оң өзгерістерді қоғам кей кезде байқамайды – Марат Қожаев

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрінің бұрынғы бірінші орынбасары және жақында сенатор болған Марат Қожаев Талғардағы оқиғадан кейін өңірдегі ішкі істер органдарындағы өзгеріске қатысты пікір білдірді. 

Ішкі істер органдарындағы оң өзгерістерді қоғам кей кезде байқамайды – Марат Қожаев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Бұл істі министр өзінің тікелей бақылауына алды. Жақында ғана сол өңірдегі ішкі істер саласындағы департаменттің басшылығы, жауапты қызметкерлері ауысты. Енді сәл сабырлық танытып, қылмыстық істегі тергеу амалдары аяқталғанша сәл күтейік. Осыдан кейін жалпы нәтижелер туралы сөйлесеміз», - деді М. Қожаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып. 

Оның пайымынша, қазір айтылған әрбір пікір тергеуге теріс әсер етуі мүмкін. 

Сонымен қатар сенатор ішкі істер органдары саласын жетілдіруге қатысты өзгерістер жиі болатынын айтты. 

«Оны кей кезде байқамай жатасыздар. Қазір нашақорлықпен күрес мәселесі белсенді түрде көтеріліп жүр. Сондықтан жақында Ішкі істер министрлігінің құрылымында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті құрылды. Жалпы, саладағы мәселелердің барлығы ретімен шешіліп жатыр деп айта аламын. Әр кезеңде өзінің қиындықтары мен сынақтары болады. Оның бәріне қатысты шешімін іздеп, еңсеріле береді», - деді депутат. 

Марат Қожаев өзінің ойында жүрген ұсыныстарды алдағы уақытта сенатор ретінде жариялайтынын айтты. 

Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз. 

Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты. 

Марқұм Шерзат Болаттың ісі бойынша Алматы облысының бірнеше жоғары лауазымды полиция қызметкері қызметінен босатылды.