Ішкі туризм: Қысқы демалысты қайда өткізген тиімді
АСТАНА. KAZINFORM — Қысқы туризмнің нағыз қайнайтын шағы басталды. Мұндайда жұртшылық әрі арзан, әрі жайлы демалыс орындарын іздейді.
Ал елімізде қысқы демалысты мінсіз өткізу үшін қайда бару керек? Маман жауап береді.
— Біздің елімізде қысқы туризмнің орталығы — Алматының таулы кластері. Ондағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортымыз Орталық Азиядағы ең үлкен, ең заманауи инфрақұрылымы жақсы дамыған курорт. Былтырғы статистика бойынша 2 миллионға жуық турист қысқы уақытта осында келген. Оның ішінде көбісі шетелдік туристер, — дейді travel-журналист Жұлдыз Рахмет «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Қысқы маусымда Алматыға әсіресе Араб елдерінен туристер жиі келетін көрінеді.
— Сауд Арабиясы мен Араб Әмірліктері сынды қары жоқ жерлерден адам көптеп келеді. Неге Шымбұлақ? Себебі, бұл жер Альпіге қарағанда әлдеқайда арзан. Ал Қырғызстанмен салыстырар болсақ, бізде табиғи қар бар. Одан кейін Алматының климаты да өте жылы, тауы биік — 3200 метр әрі шаңғы тебуге өте ыңғайлы. Бұл біздің қысқы туризмді дамытудағы артықшылығымыз, — дейді маман.
Журналист Алматыдағы тау кластерінің туризм саласындағы артықшылығына тоқталды.
— Жалпы мемлекеттің өзі қазір 3 кластерді дамытуға ден қойып отыр ғой: Маңғыстаудағы жағажай, Алматыдағы тау кластері және Бурабай. Соның ішінде Алматыдағы тау кластері өте тиімді. Егер шетелдік туристер бізге келіп демалар болса, олар үшін арзан. Оған қоса, жағажай туризміне қарағанда қысқы тау, шаңғы, сноуборд туризмі мемлекетке әлдеқайда пайдалы. Мысалы, сіз жағажайлық туризмге бір күнде 50 доллар жұмсасаңыз, шаңғы тебу туризміне күніне кем дегенде 300 доллар жаратасыз, — дейді ол.
Жұлдыз Рахмет қысқы демалысты қайда өткізуге болатынын айтты.
— Егер сізге қонақүйге барып, дастарханыңызды жайып, сондағы тәтті тағамдарды жеп, SPA-ны, бассейнді қаласаңыз, онда сізге Ақтаудағы қымбат қонақүйлерге баруға болады. Қыста маусым емес, баға арзан, Қазақстанның ішінде 5 жұлдызды қонақүйде осылай демалып қайта аласыз. Ал егер белсенді демалыс қаласаңыз — тау, шаңғы, моншаға түсу ұнаса, өз қалауыңызға қарай таңдай аласыз. Мен үшін мұндай демалысқа таптырмас өңір — Шығыс Қазақстан. Қыстың отаны, жалпы Аяз атаның елі деп те айтуға болады, — дейді спикер.
Студия қонағы Шығыс Қазақстандағы туризм жайын да тілге тиек етті.
— Риддер аймағы аса дамымағанымен, ол жерге жапондықтар, еуропалықтар жеке турмен жиі келеді. Бірақ оны қазақстандықтар біле бермейді. Қазақстанда қыс ең бірінші Риддерге келеді, ең соңғы болып сол жақтан кетеді. Жалпы белсенді туризмнің ішінде шытырман оқиғалар туризмі деген бөлім бар. Жалпы қарда жүруге арналған көлікті білесіздер ғой. Сол көліктердің спорттық түрлері бар. Риддер тауындағы буферлі аймаққа кірмейтін жерлерде осындай көліктерді айдауға болады. Бірақ ол қымбат. Сол үшін қазақстандықтар оған қызықпайды, — дейді маман.
Ал отбасылық демалысты жоспарласаңыз, Бурабайға баруға болады.
— Отбасылық демалыста қысты сезінгіңіз келсе — қар, сықырлаған аяз болғанын қаласаңыз, аққала жасағыңыз келсе, әрине, шығыс пен солтүстікке келу керек. Оның ішінде Бурабайға. Адамдар Бурабайда қызмет жетіспейді, адамдар көп десе де, Бурабай туристік аймақтардың ішінде ТОП-та. Себебі, онда адамдар бәрі бір табиғаты үшін барады. Онда қыста да, жазда да адам азаймайды. Бірақ, қыста қызмет бағасы жазға қарағанда төмендейді. Жазда қонақүйден 2 адамдық бөлмені 50 мыңға жалдасаңыз, қыста 30 мың теңгеге ала аласыз. Бурабайға барып, жақсылап іздеп көрсеңіз, 15 мыңға да, 150 мың теңгеге де қонақүй табуға болады, — дейді travel-журналист.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында туризм саласын дамыту мақсатында жергілікті колледждердің Корея Республикасының оқу орындарымен орнатқан жаңа әріптестігі өңірдегі кадр даярлаудың мазмұнына өзгеріс енгізе бастады.