ШҚО әр ауданында көмір бағасы қанша, халыққа қанша тонна қара отын қажет
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Күздің екінші айымен қатар жылыту маусымы да басталып жатыр. Көпқабатты үйде тұрмайтын халық қыс қамына кірісіп, жапа-тармағай көмір алуға көшті. Осы ретте Kazinform тілшісі Шығыс Қазақстан облысындағы әр қала, аудан әкімдігіне сауалхат жолдап, қара отынның бағасын, былтырғымен салыстырғанда қаншаға өскенін, халыққа қанша тонна қажет екенін анықтап көрді.

Алтай ауданы
Алтай ауданында 2024-2025 жылғы жылыту маусымына халық үшін көмірдің қажеттілігі 47 515 тоннаны құрайды. Көмір 3 теміржол тұйығында сатылады.
«Зырян ТЭК» ЖШС-да көмір бағасы тоннасына — 16 550 теңге, «Чуприков Н.В.» ЖК-да — 25 000 теңге, «Амангелді Транс» ЖК-да — 20 000 теңге. Өткен жылыту маусымымен салыстырғанда бір тонна көмір бағасы 5%-дан 19%-ға дейін өскен», — дейді аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.
Глубокое ауданы
Глубокое ауданында жылыту маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізіліпті. Негізгі іс-шараларға көмір сатып алу және жеткізу, қазандықтар мен инженерлік желілерді жөндеу, тұрғын үйлер мен бюджеттік сала объектілерінің дайындығын қамтамасыз ету кірген.
«Жылыту маусымында аудан тұрғындары үшін көмірдің жалпы қажеттілігі 53 мың тоннаны құрайды. Аудан аумағында теміржол тұйығы бар көмір базасы орналасқан. Негізгі жеткізуші — Предгорное ауылындағы „Шемонаиха отыны“ ЖШС. Бір тонна көмірдің бағасы — 16 050 теңге. Сондай-ақ тұрғындар „Сейком“ ЖШС қалалық теміржол тұйығынан тоннасына 15800 теңге төлеп, көмір сатып алуда. Өткен жылы ауданда көмір бағасы тоннасына 14900 теңгені құрады. Демек, баға 1150 теңгеге өсті. Көмір бағасының көтерілуі тиеу бағасына, тасымалдауға арналған теміржол тарифтеріне, жылжымалы құрамға қызмет көрсетуге, көмірдің биржалық бағасына байланысты болып отыр. Әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтар үшін Глубокое ауданының 6 елді мекенінде (Прапорщиково, 226 разъезд, Опытное поле, Ушаново, Степное және Каменный карьер) Өскемен қаласының көмір сату пунктерінен жеңілдіктер қарастырылған», — дейді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Аян Макиев.
Зайсан ауданы
Қазіргі уақытта Зайсан ауданы халқына көмір тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы күз бен қыс айларына аудан тұрғындарына 18 990 тонна көмір қажет.
«Аудан бойынша көмір бағасы шамамен 25000 теңгені құрайды. Былтырғы баға — 22000 теңге. Әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтар үшін 200 тонна көмірді тегін беруге жеткізушімен меморандум жасасу жоспарланып отыр», — деп хабарлады әкімдіктен.
Катонқарағай ауданы
Катонқарағай ауданы тұрғындары үшін жылыту маусымында 5000 тонна көмір қажет. «Зырян ТЭК» ЖШС тұйығынан алынатын көмірдің 1 тоннасы — 16550 теңге. Баға былтырғымен салыстырғанда 5-10 пайызға өскен.
Күршім ауданы
Күршім ауданы бойынша 2024-2025 жылғы жылыту маусымына халыққа қажетті көмір мөлшері — 19 395 тонна. Тас көмірдің бағасы Құйған айлағында тоннасына — 21000 теңгеден.
«Жеке кәсіпкерлер тарапынан көмір Семей және Алтай қалаларынан тоннасына 32000-33000 теңгеден тасылуда. Құйған айлағындағы көмір бағасы былтырғыдан қымбаттаған жоқ. Әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтарға көмір алуға жеңілдіктер қарастырылмаған», — дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков.
Өскемен қаласы
Облыс орталығында негізгі үш жылу көзі және 454,85 км жылумен жабдықтау желілері бар. Олар 1764 көппәтерлі және 2932 жеке тұрғын үйді, 212 әлеуметтік және 1871 әкімшілік нысанды жылумен қамтамасыз етеді.
Қалада жылу энергиясының негізгі жеткізушілері — «Өскемен ЖЭО» ЖШС, «Согра ЖЭО» ЖШС және «ӨЖЖ» АҚ.
«Жылу көздеріне көмір жеткізу үшін аталмыш ұйымдар 1 944 000 тоннаға шарт жасасты. Атап айтқанда, „Өскемен ЖЭО“ ЖШС жалпы көлемі — 1 500 000 тонна, „Согра ЖЭО“ ЖШС жалпы көлемі — 336 000 тонна, „Өскемен жылу жүйелері“ АҚ жалпы көлемі — 108 000 тонна», — дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Р.Шерубаев.
Тұрғындар мен заңды тұлғалар үшін көмір 2 тұйықта сатылады. Олар «Сейком» ЖШС және «Топливная компания терминал» ЖШС. 2024 жылға «Қаражыра» АҚ-мен 210 000 тоннаға шарт жасалды, оның ішінде тұрғындар үшін — 155 000 тонна, ұйымдар үшін — 55000 тонна.
«Халықты әлеуметтік көмірмен қамтамасыз ету үшін 2024 жылға 25000 тоннаға меморандум жасалған. Әлеуметтік көмірдің бағасы коммерциялық көмірден 500 теңгеге арзан. 2024 жылы бір тонна коммерциялық көмірдің бағасы — 15800 теңге, әлеуметтік көмірдің бағасы — 15300 теңге. 2023 жылғы баға — 14800 теңге, ал әлеуметтік көмір — 14300 теңге болған», — дейді бөлім басшысының орынбасары.
Риддер қаласы
Жылыту маусымында риддерліктер үшін көмірдің жалпы қажеттілігі 4900 тоннаны құрайды. Бір тонна көмірдің орташа бағасы — 20 000 теңге.
Қалада әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтар үшін көмір алуда жеңілдіктер қарастырылмаған.
Самар ауданы
Самар ауданы бойынша күз бен қыс айларында тұрғындарға 16690 тонна көмір қажет. Новостройка ауылына көмірді жеткізумен «Иртыш Транс» ЖСШ айналасады.
«Қара отынның орташа бағасы 1 тонна үшін — 19 000 теңге. „Жотабаев“ ЖК-да орташа бағасы 1 тонна үшін — 27 000 теңге. Былтырғымен салыстырғанда көмір бағасы 2000 теңгеге қымбаттаған», — дейді Самар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Құсайынов.
Тарбағатай ауданы
Тарбағатай ауданында 2024-2025 жылғы жылыту маусымына аудандық комиссияның құрамы анықталып, штаб құрылды. Аудан халқына және әлеуметтік сала нысандарына 31 931 тонна қатты отын қажет.
«Аудан тұрғындарына 2024-2025 жылғы жылыту маусымына қажетті 23400 тонна қатты отынды 16 жеке кәсіпкер тасымалдайды. Көмір бағасы тоннасына — 26000-30000 теңге аралығында. Бюджеттік, әлеуметтік, мәдени сала нысандары 8399 тонна қатты отынды қажет етеді», — дейді аудан әкімінің орынбасары М.Қызов.
Ұлан ауданы
Жылыту маусымында Ұлан ауданы бойынша көмірге деген қажеттілік 100,4 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде тұрғындар үшін — 41,2 мың тонна, бюджеттік ұйымдар үшін — 2,2 мың тонна, жылу таратушы нысандар үшін — 57 мың тонна.
«Ұландықтар көмірді орташа бағасы тоннасына 15 800 теңгеден Өскемен қаласының сол жағалау тұйығынан сатып алады. Барлық ауылдық округте өз көмір тасымалдаушылары (54 автокөлік) бар», — дейді аудан әкімінің орынбасары Қ.Оқасов.
Шемонаиха ауданы
Шемонаиха ауданы бойынша тұрғындардың қатты отынға деген қажеттілігі — 45 000 тонна. «Шемонаиха отыны» ЖШС көмірді Қаражырадан әкеледі.
«Бір тонна көмірдің бағасы — 16350 теңге. Шемонаиха ауданының аумағында тұратын өмірлік қиын жағдайға тап болған, табысы екі күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтар қатты отын сатып алу үшін материалдық көмек алуға мүмкіндіктері бар. Ол үшін халықтың осы санаты аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуі керек», — деп хабарлады Шемонаиха ауданы әкімдігінен.