ШҚО-да 2 жұмысшының қаза болуына қатысты қылмыстық іс қозғалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында опырылған топырақ астында қалған 2 жұмысшының қаза болуына қатысты полиция іс қозғады.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ҚР Қылмыстық Кодексiнің 156-бабына (Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу) сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
- Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тиісті шараларды қолға алған. Өзге ақпаратты жария етуге заң бойынша тыйым салынған, - делінген ақпаратта.
Оқиғаны тергейтін комиссия құрылып, оның төрағасы Шығыс Қазақстан облысының бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатов болды.
- Алдағы он күн ішінде оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда тергеу мерзімі 30 күнге дейін ұзартылып, салалық сарапшылар тартылады. Қорытынды материалдар құқық қорғау органдарына және сот инстанцияларына беріледі, - деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да жер қазып жатқанда топырақ опырылып, 2 жұмысшы қаза болғаны хабарланған.