ШҚО-да электр желісін жөндеуге барған мамандар қар құрсауында қалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған 7 энергетика маманы құтқарылды.

ШҚО-да қар құрсауында қалған 7 энергетика маманы құтқарылды
Фото: Видеодан скрин

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданындағы Құйған ауылдық округіне қарасты Татарка учаскесінде электр желілерінде жұмыс істеп жүрген энергетикалық компанияның 7 қызметкері отырған екі автокөлік қар құрсауында қалған.

— Құтқарушылар жоғары өтімді арнайы техникамен оқиға орнына жетіп, қарға батып қалған энергетиктердің барлығын жақын маңдағы елді мекенге жеткізді. Эвакуацияланған азаматтарға медициналық көмек қажет болмады, — делінген ақпаратта.

Осы ретте, ведомство мамандары өңір жұртшылығын қыс мезгілінде жолға шығар алдында ауа райы жағдайын ескеріп, дауылды ескертулерді қадағалауға және құтқарушылардың ұсынымдарын сақтауға шақырды.

Еске салсақ, осыған дейін Астанада құтқарушылар 30 метр биіктіктегі көпірден ер адамды құтқарғаны хабарланған.