ШҚО-да қашықтан оқып жатқан оқушылар саны 30 мыңға жуықтады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында маусымдық инфекция жұқтырғандар санының көбеюіне байланысты онлайнға оқуға көшірілген сыныптар саны да артып келеді.
ШҚО Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 21 қарашадағы жағдай бойынша 107 мектептегі 1 504 сыныптың 27 610 оқушысы онлайн оқыса, 24 қарашада 111 мектептегі 1 614 сыныптың 29 479 оқушысы уақытша қашықтан оқуға көшірілген.
Оның ішіндегі 14 361-і маусымдық инфекция жұқтырған. Яғни, ауырған балалар саны артып келеді.
Облыста 381 балабақшада 27,4 мың бала білім алады. Мектепке дейінгі мекемелердегі науқастар саны – 5 874. Бүгінде барлық балабақша штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
- Білім ордаларында қашықтан оқытуға көшу сыныптағы оқушылардың 30%-дан астамының сырқаттанып қалғаны медициналық анықтамамен расталған жағдайда қабылданады. Жалпы облыс мектептерінде оқу процесі барлық санитарлық талапқа сәйкес ұйымдастырылған, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында оқушылар арасында маусымдық инфекция жұқтырғандар саны көбейгендіктен, сабақ онлайн форматқа ауысып жатқаны хабарланған.