ШҚО-да қыс кезінде жолда қалғандар үшін 10 жылыту пункті жұмыс істейді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары қыс мезгіліне дайындықты бастап кетті.

Өңір бойынша қыс кезінде жалпы ұзындығы 256 шақырым болатын 130 учаскені жиі қар басып қалып жатады. Сондықтан ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бұл учаскелерді күшейтілген бақылауға алады.

Облыста жолда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 10 жылыту пункті мен 15 жол бойындағы бизнес нысаны жұмыс істейді. Ұлан ауданы Привольное ауылында тәулік бойы ашық тұратын 1 трассалық медициналық-құтқару пункті бар.
«Жергілікті ауқымдағы ТЖ жою жоспарына сәйкес жеке құрамнан 1717 адам, 686 техника дайындалған. Оның ішінде 389 қар тазалау техникасы, 181 инженерлік техника, 30 эвакуациялық техника және 86 жоғары өтімді техника. Жыл сайынғы тәжірибені ескере отырып, бұл техникалар «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары», «Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы», «Өскемен-Семей», «Өскемен-Тарғын-Самар» тасжолдарына тартылады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Облыс аумағында 497 учаскеде көшкін жүру қаупі бар. «Қазселденқорғау» ММ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы дайындық мақсатында қар көшкіні маршруттарын әзірлеген. Қар көшкіні қаупі бар кезең ішінде арнайы бақылаушылар апта сайын қауіпті учаскелерге бақылау жүргізеді.
Бұған дейін Өскемен қаласы әкімдігі күндіз неге жарықшамдары жанып тұрғанын түсіндірген болатын.