ШҚО-да өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі 2 баланы құтқарып қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында өртенген үйден 2 бала құтқарылды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі Аманжолов көшесі бойында орналасқан бесқабатты үйде өрт шыққан.
- 4-ші қабатындағы пәтер жанып жатты. Сол кезде Өскемен қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Қанат Қапанов жұмыстан тыс уақытта жақындарының үйінде болған. Көрші пәтерден түтінді байқаған ол дереу көмекке ұмтылып, іштен 2 баланы аман алып шықты. Содан кейін түтін басқан подьезден тұрғындарды эвакуациялауға көмектесті, - делінген ақпаратта.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін қауіпті аймақтан 80 адам өз бетінше шығып үлгерді. Ал ТЖД қызметкерлері 4 адамды, соның ішінде 2 баланы эвакуациялады.
Көп ұзамай жалпы ауданы 45 шаршы метр қызыл жалын ауыздықталды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін ТЖМ қызметкерлері Семейдегі жаңа көпірден секірмек болған ер адамды құтқарғаны хабарланған.