ШҚО-да полицияға 1,8 млрд теңгеге сапер-робот сатып алынады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының полициясы үшін бұрын адамдар баруға мәжбүр болған қауіпті аумақтарда жұмыс істей алатын жоғары технологиялы сапер-робот сатып алынады.

ШҚО-да полицияға 1,8 млрд теңгеге сапер-робот сатып алынады
Фото: ІІМ

Қаржы бөлу туралы шешім облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қабылданды. Өтімділігі жоғары, толық жетекті автокөлік базасындағы жарылғыш заттармен жұмыс істеуге арналған кешенді сатып алуға өңірлік бюджеттен 1 млрд 750 млн теңге бағытталмақ.

Бұл – жетуі қиын жерлерде жарылғыш заттарды залалсыздандыруға арналған мобильді жүйе. Аталған робот нысандарды қашықтан тексеруге мүмкіндік береді. Соның арқасында қызметкерлердің өміріне тікелей қауіп төнбейді. 

– Қаржыландыру өткен жылдан игерілмей қалған қаржы мен соңғы уақытта облыс қазынасын толықтырған салықтар мен айыппұлдардан түскен қосымша түсімдер есебінен бөлінді, - дейді депутаттар.

Олардың айтуынша, мұндай техниканы сатып алу – өңір қауіпсіздігіне салынған инвестиция. Шығыс Қазақстанда ұзын көлік жолдары, ірі өндірістік нысандар және шекаралық аймақтардың болуы төтенше және күштік құрылымдардың материалдық-техникалық базасын күшейтуді талап етеді.

Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда екі полицейді тістеп алған ер адам сотталғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар