ШҚО-да ірі су нысаны 30 жылдан кейін алғаш рет қайта жаңартылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы 30 жылдан астам уақыттан кейін ШҚО-да алғаш рет «Победа» магистральдық каналының реконструкциясы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.

Соңғы 30 жылдан астам уақыттан кейін ШҚО-да алғаш рет «Победа» магистральдық каналының реконструкциясы жүргізіліп жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазсушар» филиалы «Победа» магистральдық каналы мен оның негізгі құрылысын соңғы 30 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет реконструкциялауды бастады.

Қазіргі уақытта ұзындығы 6 шақырым болатын канал бөлігі механикалық тазалаудан өтті.

Жобаны 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.

— Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін қажетті материалдарды сатып алу және жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылға белгіленген барлық жұмыс толық орындалды. Қалған жұмыстар биыл жалғасын табады, — деді Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазсушар» филиалы директоры Дәулет Жанысов.

Бұдан бұрын 2026 жылы Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар