ШҚО-да сақ қорғандарын заңсыз қазғандардың техникасы тәркіленді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Шағаноба археологиялық кешені аумағында жүргізілген заңсыз қазба жұмыстарына қатысты тергеу жалғасып жатыр.

ШҚО-да сақ қорғандарын заңсыз қазғандардың техникасы тәркіленді
Фото: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазіргі уақытта мамандар кешендегі жер қазу жұмыстарының сипаты мен келтірілген ықтимал залалды бағалау үшін тағайындалған сараптамаларды жүргізіп жатыр. Ал оқиғаға қатысы бар азаматтар қосымша құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартылған.

— Атап айтқанда, техниканы тізгіндеген жүргізушілерге көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды. Ал арнайы техника тәркіленіп, айып тұрағына қойылды. Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайларын жариялауға тыйым салынған, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен. 

Еске салсақ, оқиға 13 қарашада «Шағаноба» археологиялық кешені аумағында болған. «SRS» ЖШС-не тиесілі техниканы пайдаланып, бұған дейін қазылған шұңқырларды топырақпен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 295-бабымен археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Ал полиция сақ қорғандарын қазғандардың кінәсі әзірге дәлелденбегенін мәлімдеді.