ШҚО-да Үйдене өзенінің деңгейі көтеріліп, көпірді су шайып кетті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында Үйдене өзенінің деңгейі көтеріліп, көпірді су шайып кетті.

Ертіс өзені
Фото: Абай облысының әкімдігі

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, толассыз жауған жаңбыр және таудағы еріген қар суының салдарынан Үйдене өзенінің деңгейі көтерілген. 

«Зайсан ауданы «Жарсу-Бақасу» ауылдарының аралығындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолындағы көпірдің шеткі бөлігін су шайып кетті. Жол жиегін қайта қалпына келтіру жұмыстары бүгін таңғы уақытта басталды», - делінген ақпаратта. 

Көлік қозғалысына шектеу қойылмады. Жол бойында кезекшілік ұйымдастырылған. 

Еске салсақ, осы айдың басында ШҚО-да көшкін қаупі сейіліп, халыққа тауға баруға рұқсат етілген болатын. 

Соңғы жаңалықтар