ШҚО экологтары халық шағымынан соң Маралды ауылындағы ауа сапасын тексерді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты Маралды ауылы тұрғындарының арызынан кейін экологтар ауа сапасына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. 

ШҚО экологтары халық шағымынан соң Маралды ауылындағы ауа сапасын тексерді
Фото: ШҚО Экология департаменті

«Маралиха» компаниясы ауылдағы алтын кен орнында жарылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал жергілікті халық соның салдарынан ауаға зиянды заттар таралуы мүмкін деп алаңдады.

ШҚО Экология департаментінің мәліметінше, шағым түскен соң мамандар тексеруге алдын ала ескертусіз барды. Тексеру кезінде кен орнында жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан. Бұл ауадағы зиянды заттардың нақты деңгейін анықтауға мүмкіндік берді.

— Тұрғындар ауаның ластану деңгейіне алаңдап, кәсіпорын тексерушілер келгенге дейін жарылыс жұмыстарын уақытша тоқтатады деп болжаған еді. Осыған байланысты біз мониторингті кенеттен, яғни жұмыс барысы жүріп жатқан сәтте өткіздік, — деп хабалады департаменттің баспасөз қызметінен.

Тексеру нәтижесінде ауадағы зиянды заттардың рұқсат етілген шектен асу фактісі тіркелмеген.
Ведомство өкілдері халықтан түскен әрбір шағымға жедел әрекет етуді жалғастыра беретіндіктерін атап өтті.

Еске салсақ, осыған дейін Экологиялық мәселелер туралы Телеграм-бот халықтың 22 мың арыз-шағымын қабылдағаны хабарланған

Соңғы жаңалықтар