ШҚО тұрғындарының көлік пен мүлік салығына қарызы 1 млрд теңгеге жуықтады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында көлік пен мүлік салығын төлемегендерге қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Өңірде автокөлікке салынатын салық бойынша 38 607 адам 490,4 млн теңге төлемеген. Ал мүлік салығы бойынша халықтың берешегі – 483,5 млн теңге.
ШҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек, салық берешегін азайту мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр.
- Егер төлем уақтылы түспесе, салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Берешек өтелмеген жағдайда әр күн үшін өсімпұл есептеледі. Кейін ақшаны өндіріп алу туралы бұйрық шығарылып, іс жеке сот орындаушыларына жолданады. Олар мүлікті тәркілеу, банк шоттарын бұғаттау, елден шығуға шектеу қою және көлік жүргізу құқығынан айыру сияқты шараларды қолдана алады, - дейді департамент басшысының орынбасары Сайранхан Қабыш.
Сонымен қатар өңірде жыл сайынғы меморандум аясында жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, әділет және полиция департаменттері бірлесіп жұмыс жүргізеді. Олар биыл 789 рейд өткізіп, соның нәтижесінде 17,6 млн теңге көлеміндегі берешек өтелді. Бұдан бөлек, жұмыс істеп жүрген борышкерлерден 7,5 млн теңге өндірілді.
Еске салсақ, осыған дейін салық және кедендік берешегі бар тұлғалардың тізімі жарияланғаны хабарланған.