ШҚТУ активтері мемлекетке қайтарылды: 1,5 млрд теңгенің мүлкі мен жер телімі

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы мониторингі агенттігінің ШҚО бойынша департаменті мемлекет қатысатын үлесті заңсыз иеліктен шығару фактісі бойынша тергеуді аяқтады. 

ШҚТУ активтері мемлекетке қайтарылды: 1,5 млрд теңгенің мүлкі мен жер телімі
Фото: БҚО Жер қатынастары басқармасы

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті — елдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет металлургия, машина жасау, энергетика, медициналық техника және басқа да салалар үшін мамандар даярлаумен айналысады. Оның құрамында 17 ғылыми орталық, зертхана және ғылыми-өндірістік алаң жұмыс істейді.

Алайда, 2018–2020 жылдары университеттің бұрынғы басшылығы «Технопарк «Алтай» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 78% мемлекеттік мажоритарлық үлесті заңсыз түрде жекеменшікке өткізген.

— Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау аясында университетке жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын «Технопарк «Алтай» ЖШС-дегі 100% үлес, 8 мың шаршы метрлік ғимарат пен 1,3 га жер телімі қайтарылды. Қайтарылған активтер зертханалық және оқу базаларын орналастыруға, сондай-ақ травматология, ортопедия және онкологиялық протездеуге арналған медициналық өнімдер шығаратын инновациялық кластерді дамытуға пайдаланылатын болады, — делінген ҚМА хабарламасында.

Активтерді қайтару жұмысы жалғасады. 

Айта кетелік жекеге өтіп кеткен ШҚТУ технопаркі мемлекетке қайтарылғаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар