Шілдехана, бесік той, кіндік кесу: Дүниеге сәби келгендегі салт пен салтанат

Бесік салу
Фото: umto.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниеге бір перзент келсе, қазақтың бір әулеті ғана емес, бүкіл ауыл, ел-жұрт, туыс-туған, түгел мəре-сəре қуанады. Салт-дәстүрге сай рәсімдерді өткізеді. Солардың бірі парасын назарларыңызға ұсынамыз.

Қалжа
Фото: dzen.ru

Перзент дүниеге келіп, оны құндақтап орап, анасының қасына жатқызған соң, жолы, жасы үлкен бір əйел шашу шашады. Онда дүниеге келген перзент ұл болса:

– Айдарынан желе сіп,

Атойнатар ерболсын.

Маңдайынан күн сүйіп,

Ақыл-ойы мол болсын! – деп жақсы мінез, жарасымды қасиеттер даруын тілейді. Ал, дүниеге келген перзент қыз болса, онда:

– ЖүзіАйдай жарқырап,

Ауылға болсын өнеге.

Болып елге шамшырақ,

Жетік болсын өнерге! – деп оның ақылды, білімді, көрікті, өнерлі болуын тілейді.

Бұл – өмірге жаңа ұрпақ əкелген ана мен өмір есігін алғаш ашқан перзентке деген құрмет пен игі тілек. Сондай-ақ, адамдар арасындағы достық пен береке-бірлікті арттыратын өнеге.

Бала ананың жанында жатса, ана жүрегінің дүрсілін естіп тыныш ұйықтайды əрі болашақта мейірлі, ізгі ниетті болып өседі.

Кіндік кесу

Қазақ халқы баланың кіндігін өнегелі, үлгі-тағылымды кісілер мен қулық-сұмдықтан пəк жас балаларға: «Үлгі-тағылымды болсын, адал, арлы болсын» деген ниетпен кестіреді де, кескен жерін мықтап байлап, кіндік түбіне қойдың құйрық майын жағып, таза дəкемен кіндікті ақырын бастырып орап таңып тастайды. Қойдың құйрық майы баланы түрлі жел-құздан сақтап, кіндікті ораған дəкені кіндікке жабыстырмайды. Ал, кіндікті сыртынан бастырып таңып қойса, бала жылағанда кіндігі сыртына шықпай тез түсіп, тез жазылады.

«Кіндік шеше», «кіндік əке» сайлау

Қазақ салтында «кіндік шеше», «кіндік əке» болу аса абыройлы іс саналады. Сондықтан «кіндік шеше», «кіндік əке» болғысы келген кісілер нəресте дүниеге келмей тұрып-ақ, оның ата-анасына: «ұмытып қалмаңыздар, балаңыздың кіндігін өзім кесемін» деп күні бұрын айтып қояды əрі сол күннен бастап сол отбасымен жиі қарым-қатынас жасап, түрлі жұмыстарына қарасып-қайырылыса бастайды. Ана босанғанда басы-қасында болып, үй шаруаларына көмектеседі əрі баласының кіндігін кесіп, ресми «кіндік шеше» немесе «кіндік əке» болады. Бұл салт адамдар арасында береке-бірлік пен достықты нығайтады. Туысты көбейтіп, өрісті кеңейтеді.

Шілдехана

Шілдехана – жаңа туған бала мен жаңа босанған ананың құрметіне жасалатын ойын-сауық. Шілдехана күзетуге, негізінен, босанған ананың жақын маңдағы туыс-туғандары мен көрші-қолаңдарының жігіт-желең, қыз-қырқындары, сондай-ақ, өнер сүйер үлкен-кіші ауыл адамдары келеді. Онда əр күні кеште ел орынға отырып, малды қора-лап, ас-су ішіп, ат-көліктерді отқа қойған соң, босанған ананың үйіне жиналып əн салып, күй тартып, өзара айтысып, жаңа босанған ана мен нəрестені əсем əнмен əлдилеп, тəтті күймен тербетеді.

Шілдехана əдетте бір апта, тіпті 40 күнге дейін шам өшірмей жалғастырылады. Шілдехана күзетудің өзіндік ғылыми мəні бар.

  1. Жас босанған анамен нəрестенің шошынып, түрлі жүйке ауруларына шалдығуының алдын алады.
  2. Жаңа туған нəрестенің тұншығып қалуының немесе зиянды жəндіктердің шағып зақымдап кетуінің алдын алады.
  3. Жас босанған анамен нəресте əн-күй, өлең-жыр тыңдап, тез сергиді. Бала болашақта ізгі ниетті, өнер сүйгіш, ақкөңіл, ашық-жарқын болады.

Балаға ат қою

Жаңа туған балаға ат қою – өмірлік мəн-маңызы бар, аса игілікті іс саналатындықтан, қазақ халқы балаға ат қоюға ерекше көңіл бөліп, өмір есігін ашқан əрбір перзенттің атын жалпақ жұрт сыйлап-қадірлейтін білікті, қадірлі кісілерге қойдыруға тырысады. Əдетте баланың атын ел-жұрт көп жиналған шілдехана үстінде қояды. Онда атын қоятын баланы: «мына балаға ат қойып беріңіз» деп көп ортасында отырған білікті кісілердің біріне ұстатқанда, əжейлер оған «бай-бақытты болсын» деп шашу шашады. Баланы қолына алған кісі оның құлағына: «Сенің атың – ... !» – деп үш рет дауыстайды да, баланың бетін ашып, көпшілікке көрсетеді. Сыртта азан шақырылады. Міне, бұл «ат қою» деп аталады. Тіліміздегі «азан шақырып қойған аты» деген сөз тіркесі содан қалған. Балаға азан шақырып ат қойған соң, үлкен кісілер ақ баталарын беріп бет сипайды.

Қазақ дəстүрінде, мейлі туа салып шетінеп кетсін, мейлі ай-күні толмай түсік болып түссін, адам бейнесін қалыптастырған балаға ат қойып, жаназа шығарып жерлейді. Қазақ халқының ат қою дағдысының өзіндік мəн-мағынасы жəне ғылыми негізі бар, яғни қазақ халқының ат қоюына қарап оның таным-түсінігі, салт-санасы, арман-тілегі, сондай-ақ, этикалық талғамы мен ұлттық болмысы өте анық байқалады.

Қалжа беру дәстүрі

Қалжа – босанған анаға арнаулы мал сойып беретін ет пен сорпа.

Əйелдерді құрметтеп, қадірлейтін халқымыз аналар жүкті болғаннан бастап ерекше күтімдеп, оған «қалжа» деп күні ілгері еркек қой əзірлеп қояды. Жаңа босанған анаға «қалжа» берудің зор маңызы бар, яғни қалжаға сойған малдың бауыздау қанын сəл ағызып, қалған қанын таза ыдысқа құйып алып, оны шарбы маймен араластырып қуырып, жаңа босанған анаға, дəрі ретінде береді. Піскен мойынды бөлмей мұжып, «баланың мойны тез бекісін» деп биік бір жерге ілдіріп қояды. Асықты жілікті де мұжып, сорпаға қандырады. Міне, бұл «қалжа жеу» деп аталады.

Қалжа жеген əйелдер белін тез бекітіп, қол-аяғын бауырына алады. Түрлі ауру-сырқауларға қарсылық қуаты артады. Омырау сүті молайып, нəресте тез ширайды. Омырау сүтіне қанған бала есейгенде мықты болады. Сондықтан үлкен кісілер əлжуаз жігіттерді көргенде: «Əй, сен туғанда шешең қалжа жемеп пе еді?» – деп кейістік білдіреді.

Бала
Фото: Kazinform

Итжейде (иткөйлек) кигізу

Итжейде – дүние есігін ашқан нəрестенің алғаш киетін (қырқынан шыққанға дейін) көйлегі. Əдетте итжейдені «кіндік шеше» немесе «кіндік əке» болған адам нəрестеге жұмсақ кездемеден мол етіп, тігісін сыртына қаратып тігіп əке леді. Нəрестенің ата-анасы оған көйлек, шапан кигізіп, қалжаға сойған малдың терісі мен төстігін беріп қайтарады. Бала қырқынан шыққан соң, кіндік шеше, кіндік əкелері, адал көйлек деп ресми бағалы кездемеден көйлек тіктіріп əкеліп кигізеді.

Баланы бесікке салу

Әдетте баланы бесікке кіндігі түскен соң салады. Баланы бесікке салуға (бөлеуге) ерекше мəн беріледі. Баланы бесікке саларда «тышты ма» ырымы жасалады. Онда баланы бесікке салуға жиналған əйелдердің біреуі: «тышты ма?» деп дауыстағанда, бесікті айнала отырған əйелдер: «тышты, тышты» десіп, бесіктің түбек салар тесігінің астына тосылған қолдарға, бауырсақ, құрт, ірімшік, қант, кəмпит тастайды. Оны алған балалар таласа-тармаса жейді. Баланы алғаш бесікке балалы-шағалы, инабатты кісілердің бірі салады.

Баланы бесікке бөлеудің өзіндік ғылыми мəні бар. Əдетте, бесікке бөленген бала түзу, сымбатты болып өсіп, дəретіне былғанбай таза болады. Зиянды жəндіктердің шағуынан қорғайды. Көшкенде ат үстінде алып жүруге өте қолайлы болады. Ал, «тышты ма» айту – жаңа дүниеге келген сəбиге құт дарысын, несібелі болсын, артынан байлық саулап жүрсін деген ниетпен істеледі.

сәби
Фото: assembly.kz

Бесік аластау

Баланы бесікке бөлер кезде əрдайым ең алдымен бесікті міндетті түрде аластайды. Бесікті көбінде арша бүрі-шырпысын тамызып, ол болмаса, шам, шақпақ, сіріңке талы секілді жарық шығаратын заттардың бірін пайдаланып, бесіктің бас-аяғын тегіс айналдыра:

– Алас, алас, алас!

Əр пəлеңнен қалас!

Көзі жаманның көзінен алас!

Тілі жаманның тілінен алас!

Уы жаманның уынан алас!

Алас, алас, алас!

Қыла гөр, Алла, мың пəледен қалас! – деп бесікті аластап шығып, онан соң барып баланы бөлеуге кіріседі. Бесік аластаудың да өзіндік ғылыми негізі бар:

  1. Аршаның микроб өлтіретін қасиеті бар. Сондықтан бұл баланың дені сау болып өсуіне септігін тигізеді.
  2. От жарығымен бесікті аластау зиянды жəндіктерден сақтандыру үшін қажет. Баланы бесіктен шешіп алған соң, түбек-шүмегін жуып, көрпе-жастығы мен жөргегін күнге жайып отырады.

Қырқынан шығару

Нəресте үшін қауіпті деп саналатын 40 күн өткен соң, ата-ананың көңілі орнына түсіп, баланы қырқынан шығару қамына кіріседі. «Асықсаң жақсылыққа асық» деп ұл баланы 37-39 күн, қыз баланы 40-42 күннен қалдырмай қырқынан шығарады.

Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құйып қояды. Баланы қырқынан шығарудың да өзіндік ғылыми мəні бар. Суға күмісті бала адал, ақ, пəк болсын деп салады. 40 қасық суды ырыздығы судай мол болсын деп құяды. Баланы қырқынан шығарған əйелдер білезік, жүзіктерді бөлісіп алады.

Баланы шомылдырып болған соң, қарын шашы мен тырнағын инабатты, сыйлы ақсақалдардың біріне алдырып, ол кісіге шапан кигізеді.

Баланы шомылдырар алдында шешіп алған «итжейдеге» қант, кəмпит, бауырсақ түйіп, бір баланың мойнына тағып қоя береді. Ауыл балалары оны қуып жүріп ұстап, қант-кəмпитін жеп, жейдені əкеліп береді.

Қырқынан шыққан баланы анасы көтеріп, ата-əжелері мен туыс-туғандарының үйіне алып келеді. Ата-əжелері қырқынан жаңа шыққан нəрестенің бетінен сүйіп, ақ баталарын беріп, оған тай-тайынша, қозы-лақ сыйлап, көйлек-шапан кигізіп қайтарады. Анасын да ерекше күтеді.

Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.

Соңғы жаңалықтар